"Бәйтерек" АҚ-ны капиталдандыруға шамамен 1 триллион теңге бөлінеді
Фото: Үкіметтің баспасөз қызметі
Парламент Сенатының отырысында экономиканың нақты секторын қаржыландыру тетіктерін таныстырған Премьер-министрдің орынбасары Серік Жұманғарин даму институттары арқылы ауқымды қолдау көрсетілетінін мәлімдеді. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
"Экономиканың нақты секторын дамыту үшін "Бәйтерек" АҚ-ны шамамен 1 трлн теңгеге капиталдандыру көзделуде. Автомобиль және теміржолдарды салу мен реконструкциялау сияқты инфрақұрылымдық жобаларға мемлекеттік кепілдіктер көлемін арттыру жоспарлануда", - деді вице-премьер.
Сонымен қатар Серік Жұманғарин 2026 жылға арналған әлеуметтік-экономикалық даму болжамын таныстырып, ЖІӨ өсімін қамтамасыз ететін негізгі бағыттарды атап өтті.
"Экономиканың өсуі нақты сектор мен қызмет көрсету саласындағы өсудің есебінен қамтамасыз етілетін болады. Өңдеу өнеркәсібінде инвестициялық жобалардың жүзеге асырылуы есебінен өсу қарқыны 2026 жылғы 6,2%-дан 2028 жылы 6,6%-ға дейін ұлғаяды деп болжанады. Тау-кен өндіру өнеркәсібіндегі үш жылдағы орташа өсу 2,8%, ауыл шаруашылығында 3,9%, құрылыста 11,0%, көлік қызметтерінде 10,1% және саудада 6,7%-ды құрайды", - деді Серік Жұманғарин.
Сондай-ақ, министр Қазақстанның үкіметтік борышы 2028 жылға қарай ЖІӨ-ге 19,6%-ға дейін төмендейтінін мәлімдеді. Серік Жұманғарин еліміздің үкіметтік борышына қатысты болжамын ұсынды.
"Фискалдық және мұнай емес тапшылықтардың деңгейі 2026 жылы тиісінше жалпы ішкі өнімге 2,5% және 4,9% құрап, 2028 жылы жалпы ішкі өнімге 0,9% және 2,7% дейін төмендейді деп болжануда. Осыны ескере отырып, үкіметтік борыш 2026 жылы жалпы ішкі өнімге 21,4% деңгейінде болжанып, 2028 жылға қарай жалпы ішкі өнімге 19,6%-ға дейін төмендеуі күтілуде, бұл белгіленген ковенанттардан аспайды", - деп атап өтті Серік Жұманғарин.
Қазақстандықтар RAMS Qazaqstan-дағы пәтерлерінен айырылып қаламыз ба деп қорқып отыр: Компания туралы не белгілі