Байлар көп төлейді: Қазақстанда сән-салтанат салығына балама ұсынылды
Қазақстанда сән-салтанат салығына балама ұсынылды. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Фото: pixabay.com
Салықтың жаңа түрі туралы ұлттық экономика министрі Серік Жұманғарин айтты.
Өткен аптада ұлттық экономика вице-министрі Азамат Әмрин кейбір қымбат тауарларға, атап айтқанда, жоғары бағалы алкоголь өнімдері, жылжымайтын мүлік пен көліктерге салық мөлшерлемесін арттыру жоспарланып отырғанын хабарлаған еді.
"Белгілі бір тауар түрлеріне жеке салық салу қарастырылып жатыр. Мысалы, бағасы 5 миллион теңгеден асатын коньяк түрлеріне қазіргі акциз мөлшері небәрі 470 теңге болса, енді оған тауар құнының 10 пайызы көлемінде қосымша салық қосылады. Сондай-ақ, құны 100 мың доллардан асатын көліктерді елге әкелу кезінде кедендік құнның 10 пайызы мөлшерінде қосымша салық енгізу жоспарлануда", – деді Әмрин.
Ал Серік Жұманғарин сән-салтанат салығын енгізу үшін ең алдымен сән-салтанат ұғымының нақты анықтамасы болуы керектігін атап өтті.
-
Бағасы 78 миллион теңгеден асатын мүлік алған қазақстандықтар декларация тапсыруға міндеттеледі
-
Қазақстанда кімдерге жеңілдетілген декларация бойынша салық төлеуге тыйым салынбақ
-
"Барлық жылжымайтын мүлік құны 450 миллион теңгеден асса, оның базалық мөлшерлемесі жылына 3 миллион теңгені құрайды, әрі одан асатын сомаға тағы 2 пайыз салық қосылады. Егер көлігіңіздің құны 75 миллион теңгеден жоғары болса немесе қымбат алкоголь мен темекі өнімдерін тұтынсаңыз, салық төлеуіңіз керек. Бірақ сән-салтанатқа тағы қандай заттарды жатқызуға болады? Бұл сұрақтың жауабын нақтылау қажет", – деді Жұманғарин Ақордада өткен брифингте.
Оның айтуынша, сән-салтанат ұғымының нақты критерийлері болмаған жағдайда, кейбір азаматтар әділетсіз салық жүктемесіне тап болуы мүмкін. Сондықтан бұл бағытта жан-жақты талдау жүргізу қажет.
Айта кетейік, Қазақстанда сән-салтанат салығы мәселесі бірнеше жылдан бері талқыланып келеді. 2022 жылғы қыркүйекте Президент Қасым-Жомарт Тоқаев халыққа жолдауында мұндай салықты енгізу қажеттігін қарастыруды ұсынған болатын.
Еске салсақ, бұған дейін қаржы вице-министрі Ержан Біржанов енді аста-төк той жасаған адамдар да салық төлейтінін мәлімдегені туралы жазған едік.