Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Байқоңырдан ұшырылған ғарыштық жүк тасымалдау кемесінің қалдығы Ұлытау облысына құлады

 

Ұлытау облысы Жаңаарқа ауданына тағы да протон құлады. Тұрғындардың зәре құтын қашырған зымыран қалдығы аудан орталығынан небәрі 25 шақырым жерге түскен, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі 31 арнаның “Информбюро” бағдарламасына сілтеме жасап. 

Кеше Байқоңырдан ұшырылған "Прогресс МС-21" ғарыштық жүк тасымалдау кемесінің қалдығы Орынбай елдімекеніне түскен. Бөлшектің ұзындығы 10 метр, салмағы 1,5 тонна болған. Космостық кеменің ұшу күні, уақыты және қалдықтың шамамен түсетін орны алдын ала белгіленген. Сондықтан, әкімдіктегілер күні бұрын жұртты қауіпсіз жерге көшірген екен. "Роскосмос" мамандарымен арнайы шұғыл әрекет ету топтары құрылып, бөлшек құлаған жер қазір қоршауға алынып, күзет қойылған.

Мамандар маңайды қалдықтан тазалап, оны алып кетпек. Тіпті арнайы техника жұмылдырылып, елдімекенде бақылау күшейтілген. Дегенмен, ракетаның құлаған қалдықтары тұрғындарға еш зиян емес деп отыр. Айта кетсек, осыдан 23 жыл бұрын дәл осы ауданға зымыран қалдығы құлаған болатын.

“Екі сағат бұрын космодромнан ракета ұшардың алдында елдімекенде эвакуациялық жұмыстар жүргізілген. Қазіргі уақытта Роскосмос қызметтері ауылды мекеннің қасында жұмыстарды жүргізіп жатыр. Топливасына қарасақ, қазір гиптил емес, керосин болады. Ол фрагменттер пластмассадан жасалған, ешқандай халыққа зияны жоқ”, – дейді Жаңаарқа ауданы әкімі аппаратының төтенше жағдай бойынша бас инспекторы Қанат Балтабаев. 

Талқылау