Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Байқоңырда "Союз" зымыранын ұшыру кезінде ұшу алаңына зақым келді

Видеодан скрин

Байқоңырда "Союз" зымыранын ұшыру кезінде ұшу алаңына зақым келді. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды. 

Сарапшы Георгий Тришкин The Insider басылымына берген сұхбатында Байқоңыр ғарыш айлағында ресейлік “Союз МС-28” ғарыш кемесін ұшырғаннан кейін қызмет көрсету кабинасының бір бөлігі құлағанын мәлімдеді. Оның айтуынша, ауыр құрылым зымыран ұшқаннан кейін бірден 31-алаңның астына құлаған. Оқиғаның себептері әзірге белгісіз.

Журналист Виталий Егоров “Роскосмос” таратқан тікелей эфирде старт үстелінің астындағы газ шығару желісінде болмауы тиіс ауыр металл конструкциясы тұрғанын байқауға болатынын атап өтті. Егоров бұл құрылымды “қызмет көрсету балконы” болуы мүмкін деп болжайды.

Тришкиннің айтуынша, Байқоңырдағы 31-алаң ресейлік ғарыш миссияларды Халықаралық ғарыш станциясына (ХҒС) ұшыруға арналған жалғыз ұшу алаңы. Сарапшының пікірінше, енді "Союз" және "Прогресс" кемелерін ХҒС-қа ұшыру белгісіз уақытқа кейінге қалдырылуы мүмкін.

Ал Егоров “осы күннен бастап Ресей адамдарды ғарышқа ұшыру мүмкіндігінен айырылды, бұл 1961 жылдан бері болмаған жағдай” деп мәлімдеді.

“Роскосмос” ұшу алаңына зақым келгенін растады. Байқоңыр ғарыш айлағынан “Союз МС-28” ғарыш кемесін ұшырылғаннан кейін ұшыру алаңын тексеру кезінде “старт үстелінің бірнеше бөлшегінен зақым анықталғаны” хабарланды. Сондай-ақ “Роскосмос” қажетті резервтік элементтердің бар екенін және зақымданған бөлшектерді жақын арада қалпына келтіру жоспарланып отырғанын мәлімдеді.

Еске салсақ, бұған дейін Ұлытау облысында далалық аймақтан зымыран қалдықтары табылғаны туралы жазған едік.

Дана Русланқызы
Жұма, 28 Қараша, 2025 19:51