Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Байден абайсызда Зеленскийді Путин деп таныстырды

АҚШ президенті Джо Байден Зеленскийді абайсызда Путин деп таныстырып, кейіннен Харристі Трамппен шатастырды. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі Bloomberg басылымына сілтеме жасап хабарлайды.

Фото: Zviestki.info

Байденнің бұлай тілінен жаңылуы Демократиялық партия өкілдерінің күмәнін көбейтті. Енді олар Байденді президенттікке лайық көрмей отыр.  

НАТО саммитінде Байден кездейсоқ Украина президенті Владимир Зеленскийді Ресей көшбасшысы Владимир Путин деп таныстырды. Бірақ ол өзін лезде жинап, сөзін түзетті.

"Президент Зеленский. Путинді жеңуге көңіл бөлгенім соншалық, мен шатасып жатырмын”, – деді Байден. 

Ал Зеленский “бәрі дұрыс” деп қысқа қайырды.

Содан кейін Байден баспасөз мәслихатының ашылуында вице-президент Камала Харристің орнына Республикалық партиядан сайлауға қатысып жатқан қарсыласы Дональд Трамптың атын атады.

Байден "бұл лауазымға вице-президент Трампты таңдамас едім" деп айтты. АҚШ президентінің бұл сөзіне Трамп Truth Social әлеуметтік желісінде жауап берді. "Тамаша жұмыс, Джо!" деп жазды ол.

Баспасөз мәслихатынан кейін үш демократ Байденді президенттік сайлаудан бас тартуға шақырды. Оның ішінде Өкілдер палатасының барлау комитетіндегі жетекші демократ Джим Химс.

“Демократиялық партияның Өкілдер палатасының 15 мүшесі "жаңа кандидатқа орын босату" қажет екенін айтты”, – дейді ол. 

Осыған байланысты Байден президенттік үшін күресті "мұрасы үшін емес, бастаған жұмысын аяқтау үшін" жалғастыруға дайын екенін айтты. Ол алдағы төрт жылда мемлекет басшысы қызметін атқара алатынына сендірді. 

Сондай-ақ саясаткер денсаулығының жай-күйі қосымша тексеруді қажет етпейтінін, бірақ дәрігерлер талап етсе, тексерістен өтуге дайын екенін айтты.

Ақ үйдің баспасөз хатшысы Карин Жан-Пьер президентте жүйке жүйесі бұзылыстарының, соның ішінде Паркинсон ауруының белгілері байқалмағанын айтты.

Талқылау