"Баянның күйеуі миллионер, тіпті миллиардер": Мақпал Жүнісова Арман Дүйсеновтің әйеліне көмектесе алатын адамды айтты
Фото: Видеодан скриншот
Қазақстанның халық әртісі Мақпал Жүнісова әлеуметтік желідегі парақшасында видео жариялап, марқұм композитор Арман Дүйсеновтің жарының қазіргі жағдайы өзін қатты алаңдататанын айтты. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Өнер иесі алдымен өзінің Айсұлу Айданқызына пәтер алып беруге шамасы келмейтінін айтты. Соған қарамастан, көмектесу мақсатында қала әкімдігінің өкілдерімен кездесіп, мәселені шешудің мүмкін жолдарын сұрастырғанын жеткізді.
“Желіде марқұм Арман Дүйсеновтің жары көптеген мәлімет беріп жатыр. Мұның бәрі жүрегімізге батады. Мен миллионердің әйелі емеспін, менде артық ақша деген болмайды. Бай болсам, өзім-ақ алып беретін едім. Тойға шығып, концерт беріп табысымды тауып жүрмін, бірақ ақшаны кереметтей қылып жинап жатқан жоқпын. Сондықтан үй алып беремін деп айта алмаймын”, – деді ол.
Мақпал Жүнісова бұған дейін әкімдік тарапынан мәдениет қызметкерлеріне пәтер берілген кездерді еске алды.
“Мен әкімшіліктің жігіттеріне шықтым, қалай көмек беруге болатыны туралы ақылдастым. Кезінде Зәкең марқұм талай өнер адамдарына кезексіз үй берген еді. Шерхан Мұртаза ағамыздың өзі бір күнде 60 пәтер алып кеткен екен. 20-30 жыл пәтер жалдап жүрген бүкіл телерадиокомпанияның қызметкерлері бапаналы болған. Олжас Сүлейменов ағамыз 20 шақты пәтер алып берген. Ол кезде әкімшіліктің балансында пәтерлер болған. Тасмағамбетовтың кезінде де сондай болған. Қазір ондай заң да жоқ, баланс та үй де жоқ”
Әншінің айтуынша, Арман Дүйсеновтің әйеліне көмектесе алатын жалғыз адам – Баян Мақсатқызы.
“Менің сенетін бір адамым бар, ол – өздеріңізге белгілі Баян Мақсатқызы. Баянның күйеуі миллионер, тіпті миллиардер шығар. Бірақ адам біреу үшін емес, өзі үшін байиды ғой, оның да туысы, жары, бала-шағасы бар. Әрбір адам сол айналасындағылардың жағдайын жақсарту үшін байиды. Арман Дүйсенов Баян Мақсатқызын өте қатты сыйлаған азаматтардың бірі. Әңгімесінде қашанда Баянды жоғары бағалап отыратын. Арман Дүйсенов Баянның көптеген жобасына атсалысқан адам. Сондықтан Баянға ғана сеніп отырмын. Баян мен жолдасы ақылдасып, Арман Дүйсеновтей азаматтың жарына бір алып беріңіздер. Мүмкін жартылай ақшасын біз жинап береміз. Мен өзім екі тойға шығып, ақшасын бере аламын. Бірақ қалғандары бере ме, бермей ме, мен айта алмаймын. Осындай өтінішім болып тұр. Бір пәтер алып берсеңіздер, абыройларыңыз одан сайын артады деп ойлаймын. Баянжан, мен сізге сенемін”, – деді өнер иесі.
Айта кетейік, композитор Арман Дүйсенов 2023 жылғы қаңтарда көз жұмған еді. Ал былтыр қазанда марқұм сазгердің ұлы да дүниеден озды.
2024 жылы 7 қазан күні кешке жас жігіттің денесі өз пәтерінде асылып тұрған күйінде табылған еді. Марқұмның қолдары байланған. Алдын ала мәліметтерге сәйкес, өлімнің себебі – механикалық асфиксия. Жас жігіт қазасынан бір күн бұрын анасының қоңырауларына жауап бермеген.
Еске салайық, бұған дейін Қазақстанның белгілі сазгері марқұм Арман Дүйсеновтің жары Айсұлу Айданқызы “TalkLike” бағдарламасына берген сұхбатында композитордың өліміне қатысты сауалдарға алғаш рет ашық жауап беріп, композитордың жертөледе емес, зауытта көз жұмғанын айтқаны хабарланған болатын.
Сондай-ақ Арман Дүйсеновтің әйелі ұлының досы жалғыз пәтер тартып алмағын айтқан еді. Артынша Айсұлу Айданқызы Алматы қаласының соты ұлының өліміне қатысты әділетсіз шешім шығарғанын айтып, Президенттен көмек сұрады.
"Үш сағат істейтінді бізде он минутта бітіреді": Германиядағы қазақ дәрігері сүндеттеу ісінде Қазақстан қалай алға кеткенін айтып берді