Баян Есентаева Астана қаласына күзде көшуді жоспарлап отыр
Продюсер, актриса әрі тележүргізуші Баян Есентаева «Shine Hall» атты шығармашылық орталығын күзде ашуды жоспарлап отыр, – деп хабарлайды stan.kz тілшісі.
Фото: Руслан Карсамов
Естеріңізде болса, осыдан екі ай бұрын Баян Мақсатқызы инстаграмдағы парақшасында «Біздің бірегей жоба!!! Театр! Мектеп! Ән жазатын студия! Фотостудия, бейнебаян мен телехикая, кино түсіретін орын! Вендік кофехана! Бұл кездесулерге жайлы әрі қызықты, заман талабына сай жер болады!!! Барлығы Shine орталығында болады», – деп өзінің көптен күткен арманының жүзеге асып жатқандығын айтып, сүйінші сұраған болатын. Бұдан өзге барлық жобасының Астанада құрылатындығын, сол аймақтағы шоу-бизнеске тұтқа болғысы келетіндігін де жасырмаған еді. Аталған орталыққа 2016 жылдың күзінде көшіп баруды жоспарлап отыр екен.
Компания Астана қаласына көшуді бұрыннан бері жоспарлап жүрген. Белгілі бір себептерге байланысты бұл жоспарлары кейінге қалдырылып отырған. Бұл туралы: «Енді уақыты келіп, соны қолға алуды ұйғардық. Дағдарысқа қарамастан, нар-тәуекелге бел бууды жөн көрдік», – деп алдағы жоспарларымен бөліскен болатын.
Орталықта мини-театр, балалар шығармашылық орталығы мен ән жазатын студия жұмыс істейтін болады. Шығармашылық орталыққа арналған жер әлдеқашан таңдалып қойған. Бұл – Festival Avenue галереясы. Баян Мақсатқызы ғимараттың көңілдерінен шыққандығын жасырмады. Аталған балалар шығармашылық студиясында Астана және Алматы қаласының мамандары жұмыс істейтін болады. Шәкірттерге вокал, фортепиано, сахна өнері, актерлік шеберлік сынды тақырыптағы сабақтар үйретіледі. Әзірге мұндай мектептің аналогы Астана қаласында жоқ.