Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Баян Алагөзова тоқалын шәкіртіне үйлендірген имамның әрекетіне ашуланды

Фото: instagram.com/bayanmaxatkyzy

Танымал продюсер Баян Алагөзова екінші әйелін шәкіртіне үйлендірген имамның әрекетіне ашуланды. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.

Продюсер Instagram парақшасында бірқатар Stories жариялады. Оның айтуынша, мұндайға бейжай қарауға болмайды және бұл ұлттық қауіпсіздік деңгейіндегі мәселе.

“Желіде діни үгіт-насихатшылар күндіз-түні белсенді. Олар біздің тілімізге, дәстүрімізге, тіпті төл мерекелерімізге де ықпал етіп, қоғамға өз қағидаларын күштеп таңуға тырысып жатыр. Мұндай адамдардың саны артып келеді және олардың әрекеттері де барған сайын агрессивті сипат алып жатыр. Сондықтан бұл мәселені мемлекеттік деңгейде қарастырып, зайырлы мемлекет екенімізді нақтылайтын, діни насихаттың агрессивті түрлеріне шектеу қоятын заң нормаларын енгізу қажет деп санаймын”, – деді ол.

Өнер иесі дінге оң көзқараста екенін, тек оны өзгелерге күштеп таңуға қарсы екенін жеткізді.

“Әркімнің өз таңдауы бар: құлшылық жасағысы келсе – жасасын, мешітке барсын, шіркеуге барсын, басқа да ғибадат орындарына барсын. Бұл – әр адамның жеке құқығы. Мен өзім де сенімім бар адаммын. Бірақ оны өзгеге күштеп таңу, қоғамға қысым жасау дұрыс емес”, – деді ол.

Оның сөзінше, әркім өз сенімін тыныш, мәдениетті түрде ұстануы керек. Алайда бүгінде кейбір адамдар әлеуметтік желіде өзгелерге қалай өмір сүру керегін, қалай құлшылық жасау керегін үйретіп, үнемі шектеулер қоюға тырысып жатыр. Продюсер мұны алаңдататын жағдай деп атады, өйткені мұндай үрдіс біздің ұлттық құндылықтарымызға қауіп төндіреді.

“Біз бұған көз жұма қарамауымыз керек. Мұндай діни үгіт-насихатшыларды шектеу туралы заң қажет деп есептеймін. Бұл – елдің болашағы үшін маңызды қадам”, – деді өнер иесі.

Сондай-ақ Баян Алагөзова екінші әйелін шәкіртіне қосқан имамның әрекетіне тоқталып, журналистерді мұндай адамдардан сұхбат алмауға шақырды.

“Мен журналист әріптестерімді діни үгіт-насихатшылардан сұхбат алмауға шақырамын. Осылайша, бұл қараңғылықты өздерің таратып жатырсыңдар”, – деді продюсер.

Оқиғаның мән-жайы

Бұған дейін желіде қазақстандық имам, хазрет, теолог-ғалым Құрбанәлі Ахмет Жанар Байсемізге берген сұхбатында екінші әйелін өзінің сұрауымен шәкіртіне үйлендіргенін айтқаны қызу талқыға түскен еді. 

Имам сұхбат барысында екінші әйелін қайын атасы сыйлағанын және оны бәйбішесінің рұқсатынсыз алғанын айтты. Алайда кейін екінші әйелімен жанжалдасып қалып, ол басқа күйеуге тиетінін айтқан.

“Ол қабырғам кейін менімен ұрысып қалып “болды, сенімен ажырасамын, байға тиемін” деп жынданды. “Сен ақымақсың ғой, мен саған бай тауып берейін” дедім де, жақсы шәкіртіме үйлендірдім. “Жақсы бай таппайсың ғой, көшеде жезөкше болып, мені шарманда қыларсың” дедім. Өзі менен талап етті. “Байға тиемін” деді. Менен өш алмақ болған түрі ғой. “Шәкірттерімнің арасынан біреуін таңда, қалағаныңмен некелеп, тойыңды жасап беремін” дедім. Үлкен әйелім кемпір болды,екіншісі кетті, кейінгі әйелім қызметке келді, жас, қазір жақсы ықылас қылып, қызмет қылып жүр”, – деді имам.

Баян Алагөзова тоқалын шәкіртіне үйлендірген имамның әрекетіне ашуланды


"Уақыт беріңіздер, қайтарамын" дедім": Баян Алагөзова 1 миллион доллар қарызға батқан кезін еске алды

"Құны – 500 мың теңге": Баян Мақсатқызы жолдасының туған күніне сыйлық берді


Айта кетейік, бұған дейін Баян Алагөзова қазақ тілінде діни тіркестерді араластырып сөйлейтіндерге шүйліккені хабарланған еді. 

Балнұр Рахматуллақызы
Жұма, 27 Наурыз, 2026 23:29