Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Бауыржан Момышұлының құшағындағы бүлдіршін қазіргі танымал әншілердің бірі

Уақыт сыны сарғайтып, тозығы жеткен фотосуреттегі жүзінен мейірім шуағы төгілген батыр Бауыржан Момышұлын бар қазақ жазбай танитыны түсінікті. Ал Баукең елжіреп, құшағына басқан балдырған кім?

jhkjk

Суретті жұрт көзінен жасыра тұрып, біледі-ау дегендерден сұрау салғанбыз. Бала кезінде батырмен суретке түсу бақытына ие болған бұрынғы бұрымы бір қарыс балдырған, бүгінгі қазақ эстрадасындағы танымал әншілердің бірі болып шықты. Оқырман үшін оны қалай анықтағанымыз емес, фотосуреттің тарихы қызық деген ойдамыз. Сол үшін сар­ғайған суреттің сырын сұрап, әншінің өзіне хабарласқан едік.

– Бұл фотода шамамен 7-8 жасар кезім. Менің әжем Несіпжамал Батталова қайсар мінезді, бір адамдай ән айтатын, өлең шығарған өнерлі кісі. Өзі көрікті, талғаммен киінетін сәнқой кісі, шешен сөйлейді. Арабша хат танитын. Ол кісілердің жас кезінде әйел адамдардың қанша өнерлі болса да, елдің алдында жүруі өте қиын болды ғой. Әжеміз өнерімен танылмаса да, зиялы қауым өкілдерімен, атақты ақын-жазушылармен жақын араласты. Есімі елге белгілі адамдардың әжемді құрметтеп той-томалақтарға шақыратыны есімде. Әжем 12 немере, 4 шөбере сүйді. Солардың ішінен жалғыз мені өнерге баулып, «көрсін, білсін» деп жанынан тастамай ертіп жүрді. Кішкентай кезімде үйдің алдындағы көлеңкеде мені отырғызып қойып, қолыма неше түрлі ертегі кітаптар, батырлық, ғашықтық жырларды беріп, оқытып қоятын. Сөйтіп, Алпамыс батыр, Қамбар батыр туралы жырларды әжемнің арқасында оқыдым. Кейде оқып отырып мүдіріп қалсам, өзі жалғастырып әкететін сондай зерек кісі болды, – деді танымал әнші.

Әнші бала күнінде Шәкәрім Құдайбердіұлының ұлы Ахат атамызды да өз көзімен көрген. Ұлы қайтыс болған кезде әжесі екеуі көңіл айтуға Семейге барыпты. Бауыр­жан атамыздың үйіне барған күн де әншінің есінде еміс-еміс сақталған.

– Өтірік айтпай-ақ қояйын, әжем кейде қаттырақ сөйлейтін кісі еді. Ертең қонаққа барамыз деген күні кешқұрым қатты дайындалды. «Ертең ән айт дегенде майы­сып айтпай қойып жүрме», деп маған бір ұрсып алды. Түннің бір уағына дейін Бауыржан атамызға арнап өлең жазды. Сегіз жастағы боқмұрын бала екен демей маған оқып берді, – дейді.

Сонымен, келесі күні қария ең әдемі деген көйлек-қамзолын киіп, немересін жанына ертіп, таксимен Бауыржан атамыздың үйіне барады. Фотосуреттегі балдырғанның бейнесіне қарап және әншінің өзі айтқандай шамамен 7-8 жастағы кезі деп жобаласақ, бұл 1970 жылдардың ортасы, яғни Бауыржан Момышұлының 65-ке қадам басқан туған күні болуы мүмкін. Әншінің айтуынша, әжесі түнде шығарып әкелген өлеңін үйінде ұмыт қалдырып кетіпті. Бірақ сол дастарқан басында өзі жанынан суырып, Бауыржан атамызға арнауы­н айтып береді. Баукеңнің аңызға айналған батырлығын, оған деген халықтың құрметін өлеңмен жеткізеді.

– Одан кейін маған ән айт­қызды. Бойым кіп-кішкентай бол­ған соң орындыққа шығарып қойды. Қандай ән айтқаным есімде жоқ. Әйтеуір, Бауыржан ата қолымнан ұстап тұрғанын анық білемін. Ән біткен соң Бауыржан ата мені көтеріп алып, бетімнен сүйді. Са­қал-мұрты бетіме тиген кезде тітір­кеніп шошып кетіп, сосын күліп жібердім, деді әнші.

Өмірде қанша қатал адам болса да, балаға келгенде елжіремейтін адам болмайды. Бауыржан Момыш­ұлының үйінде батыр мен бал­дырғанның сондай бір мезеті кадрға түсіп қалады.

Әнші демекші, бала күнінде Бауыржан Момышұлымен фо­тоға түскен, бүгінде елге таны­мал өнер иесіне айналған – Толқын Забирова. Батырдың шаңы­ра­ғында түсірілген осы фососурет – ол үшін аса қымбат һәм қадірлі бұйым­дардың бірі. Бойтұмардай сақтап жүрген қастерлі дүние. Үлкейтіліп, әдемі фотожиекке са­лынған фотосурет қазір Толқын Забированың шаңырағының тө­рінде ілулі тұр.

Толқын Забирова: «Сол кездер есіме түссе, көзіме жас келеді. Ол кездегі адамдардың шына­йы көңіліне, бір-біріне деген ықы­­лас-пейіліне таңғаламын. Әжем­нің Баукеңе арнаған өлеңін үйде ұмытып кеткенін менен кө­ріп, ұрысқан сәтін сағынамын. Бауыржан атамыздың қаталдығы, сұсты адам екендігі туралы көп айтылады. Бірақ мен үшін жұмсақ мінезді, мейірімді адам сияқты. Бұл фотосурет мен үшін ғана емес, бүкіл қазақ үшін де ыстық деп ойлаймын», деді.

Бауыржан Момышұлы мен кішкентай балдырғанның бейнесі сақталған фотосуреттің тарихы осындай.

Талқылау