Бауыржан Зорбаймен 3 жыл бойы көңіл жарастырғанын мәлімдеген келіншек бәрі "хайп" деп ақталды

Күні кеше экс-қалаулымдық Бауыржан Зорбайдың әйеліне опасыздық жасағаны жайлы ақпарат желіде қызу талқыға түскен еді. Айман Әбдіреева есімді блогер үш жылдан бері отбасылы ер адаммен көңіл қосқанын мойындап, жазба жариялады. Алайда бүгін Бауыржан да, Айман да мұны “хайп” деп ақталып отыр. Осыған байланысты Stan.kz оқиғаға толық шолу жасады.
Оқиға неден басталды?
Айман әлеуметтік желідегі парақшасында Бауыржанның отбасылы ер адам екенін біле тұра кездескенін айтып, әйелдерді күйеуіне күмәнмен қарауға шақырды.
“Жалпы бұл тақырыпты не үшін қозғадым? Инстаграмдағы жылтырақ өмірге қызықпаңдаршы, әйелдер, өтініш. Қасыңыздағы жүрген еркекке сенетін заман емес. Бәріне бірдей топырақ шашпаймын, көзіммен көрген нағыз еркектер де бар. Таңғалатындай еркек те өте көп. Бірақ қазіргі кезде сондай адал, жүрісі жоқ, қадамы нық, аманатына берік еркектерден гөрі күмәнданатындай тірлікті жасайтын да еркек көп”, – деп жазды ол.
Ол қыз-келіншектерге әлеуметтік желідегі біреудің өміріне қызығып, өз ер адамын салыстырамын деп, нағыз адал күйеуін төмендетіп алмауға кеңес берді.
Айманның сөзінше, олардың Бауыржанмен қарым-қатынасы еркін болған, оған қоса мұның немен аяқталарын екеуі де алдын-ала білген.
Келіншек Бауыржан Зорбайға қарым-қатынасты тоқтату туралы ұсынысты өзі жасаған.
“Әйеліңнің қадірін білші, Бауыржан. Бұл тақырып қозғалған сәттен бастап бәрі көз алдымнан өтті. Сәттер сенің көзің мен әйеліңнің жүрегінен өшпей тұрғанда, оны бағала. Сен мені түсінесің деп ойлаймын, себебі мен де сені түсінуге тырыстым. Таңдауды мен жасайын, мен сені және таңдауыңды сыйлаймын, ал сені мені және менің таңдауымды сыйла. Мүмкін сенің осындай жүрістеріңе “Стоп” қойдыра алатын адам мен шығармын”, – деп жазған ол.
Бұл хабарламаға Бауыржан да “Толық стоп” деп жауап берген.
Сондай-ақ Әбдіреева 3 жыл бойы олардан ешкімнің күдіктенбегенін айтып, демек “Жақсы көңілдес болғанымыз” деп топшылап жазды.
Бұған қоса ол оқырмандарынан “әйелін неге аямадың?” деген сыңайда сұрақ қоймауын сұраған.
“Мен ол адамды ажырастырғым келсе, үш жыл бойы үндемей жүрмес едім. Баяғыда істер едім. Мен бұл қарым-қатынастың болашағы болмайтынын басынан-ақ білдім, бірақ бізге бірге уақыт өткізу ұнады”, – деп жазды ол.
Айман әңгіме соңында Бауыржан Зорбайдан әйелі туралы мүлдем сұрамағанын жазды. Сөзінше, оның әйеліне деген сезімі мен көзқарасы емес, өзі қызық болған
Жазба желі қолданушыларын дүр сілкіндірді
Айман Әбдірееваның мәлімдемесі қазақстандықтардың қызу талқысына себеп болды.
“Әйелі мен балалары қандай керемет еді. Эх, енді ер адамдарға қалай сенеміз”, “Басқа қаншама ерлі-зайыптылар бар баламен сыналып жатқан, әп-әдемі, сап-сау қылып перзент туып берген әйелін қадірлемей. Проблема жоқ болған соң осылай жүрісті шығарады”, “Әйел адамның көз жасына қалып, бақытты болам деп ойламаңдар! Сен де тұрсың кезекте, мен де тұрмын кезекте деген бар!”, “Жақында “Бауыржан Зорбай ең жақсысы” деп айтып едім, қателесіппін”, “Мұны грин флаг деп жүрсек”, “Қызымен контент салғанда жақсы. Себебі солай қаралым жинайды. Ал өмірде отбасына опасыздық жасайды екен”, – деп жазды олар.

Бауыржан Зорбай пікір білдірді
Айманның жазбасынан бірнеше сағаттан кейін Зорбай да әлеуметтік желідегі парақшасында жазба қалдырды. Ол ешкіммен сөз таластырмайтынын, үнемі үнсіз қалатын адам екенін жазған.
Сонымен қатар Бауыржан әйелімен ажырасып кеткенін де жеткізді.
”Мен жеңілдім. Менде ондай ақша жоқ беретін. Отбасыммен қоштастым, амандық тіледім, қимадым, жыладым, кеттім”, – деп жазды ол.

Әбдіреева “хайп” деп ақталды
Әбдіреева парақшасында осы тақырыпты көтергеннен кейін ақылы телеграм-арна ашып, барлық шындықты сол жаққа жайып салатынын айтқан еді. Жабық арнаға қосылу 1590 теңге тұратынын ескертті. Артынша арнаға қосылғандар Айманның жазбаларын тарата бастады. Оның ішінде бұған дейін жасырып келген қарым-қатынасын неліктен әшкере қыламын деп шешкенін де түсіндірді.
“Себебі біз осы уақытқа дейін еркім қарым-қатынаста болдық. Ол үйленген, менің басым бос. Мен оған ажырас деп айта алмаймын, олай айтатын ойым да болған емес. Менің басым бос болғандықтан мен өзге де жігіттермен араласа алатын едім. Естеріңізде болса, мен бұған дейін сақалды жігітті парақшамда көрсеткенмін. Мен ол жігітпен қайта сөйлесіп бастаған едім, ал Бауыржан ол туралы білді. Үндемей қарап отыра беретін”, – деп жазды ол.
Оған қоса блогер тікелей эфирге де шығып, екеуінің жүргенін ашық айтып отырған.
Алайда күн ұзаққа Бауыржанмен қарым-қатынасы туралы айтқан Айман кешке “мұның бәрі хайп болған еді” деп мәлімдеме жасады. Келіншек Зорбайдың өзіне де мұның “хайп” екенін жазған скриншотын бөлісті. Онда:
“Бірақ ауыр кетті, жоқ, олай емес деп ақтала алмай қалдым. Бұл алдын-ала келісіп жасайтын нәрсе еді ғо”, – деп жауап қатқан блогер.
Оқырмандар “бәрі қолдан ұйымдастырылған” дегенге балап, ақылы арна арқылы қаржы жинаған Әбдірееваны сынға алып, жиналған ақшаны қайтаруды талап етіп жатыр. Алайда ол қаражатты кері қайтармайтынын, оны қайырымдылыққа аударатынын мәлімдеді.

Зорбайдың әйелінің реакциясы
Ал блогердің заңды әйелі Назгүл Қожахметова болса күйеуі мен “келіншекке” қатты ашуланды.
“Бір әйел отырып алып менің отбасыма тиіседі екен. Мені таңғы бесте адамдар оятады екен. Менің қыздарым күні бойы жылайды екен. Менің жағдайым қандай болғанын айтпай-ақ қояйын, онсыз да түсінікті шығар. Сөйтіп менің реакциямды көргісі келеді екен. Кешке отырып хайп дей сала ма? Хайп дегенді екі адам ойласып алып, бірге жасайды. Ал мынадай хайп жасау үшін адамның есі сау емес болуы керек шығар. Бір адамды бүкіл Қазақстанға жексұрын қылып, өзі кешірім сұрап құтыла сала ма? Хайп керек болса көрсетемін сендерге. Ақшаны басқа адал жолмен де табуға болады, біреудің отбасын бұзып емес”, – деп жазды ол.
Бұдан бөлек Бауыржанның өзі де оқиғаға қатысты ойын айтты.
Ол ең алдымен болып жатқан жағдайға ешқандай қатысы жоқ екенін жазды. Оның сөзінше, Әбдіреева екеуінің ортақ таныс, ортақ достары көп, сондықтан ол “хайп” жасауға Зорбайды таңдаған.
Басы дауға қалған блогер неліктен “Толық стоп” деп жазғанын да түсіндірді.
“Мен жауап бергенде басқа сөздер де болды. Ары қарай екеуміз сөйлесіп кеткен соң, мәтін түзетілгенін мен кейін көрдім. “Түзетілді” деген сөзді жасырып қойған”, – деп жазды блогер.
Бауыржан Зорбай осы оқиғаның кесірінен отбасы бұзылғанын жасырмады.
“Ұрыс, жанжал, хайп мақсатында құрастырылған нәрселерге сеніп, мені естімеу, ажырасуға дейін бару. Бала-шағам өз үйінде қалды, мен басқа үйге кеттім, мүмкін уақытша, мүмкін мәңгілік”, – деп жазды ол.
Жазба соңында блогер ешкімге ақша беру арқылы райынан қайтармағанын айтып, қалғаны сот арқылы шешілетінін жеткізді.

Айта кетейік, бұған дейін қалаулымдық Бауыржан Зорбай үйленгені хабарланған еді.
"Бәрі бір сәтте мәнсіз болып қалды": Таяу Шығыста қиын жағдайға тап болған қазақстандықтар көргендерін айтып берді