Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

"Бауырсақ, шай мен палау": ҚМДБ жаназа мен құдайы астың мәзірін бекітті

ҚМДБ Жаназаға арналған мәзірді бекітті

Фото: Жасанды интеллект көмегімен жасалған

Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы ысырапшылдықтың алдын алу үшін жаназа мен құдайы астың арнайы мәзірін бекітті. Енді жаназада артық салат, торт, бәліш, жеміс-жидек қоюға болмайды. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды. 

Мүфтият мәзірде алты негізгі өнімді бекіткен. Яғни дастарханда:

  •  – нан өнімдерінен – бауырсақ пен шелпек;
  •  – сусын ретінде – шай мен су;
  •  – ыстық тағамға – ет немесе палау қоюға болады.

Сонымен қатар сары май, тары- талқан, қант пен кәмпит ұсыныс ретінде енгізілген. Тәтті бәліштер, салаттар мен түрлі жемістер бұл тізімде жоқ.

Имам Өмірзақ Бекқожаның айтуынша, исламда ысырапқа тыйым салынған. Бұл жерде басты мақсат – келген жамағатты тамақтандыру ғана. Артық ас беруге, жарыс жасауға болмайды.



 “Жергілікті имамдар мүфтияттың осы бекітілген құжатын халыққа жеткізуге бәріміз міндеттіміз. Өзіміздің барлық қазағымыз сондай бір тәртіпте, бір ізгілікпенен, жаңағы қазаның дастарханын бір ізгілікке түсіреді деген үлкен үмітіміз бар”, – деді имам. 

Қазір бұл талап Арқалық, Павлодар, Абай облысы мен Жезқазған қаласында енгізіліп қойған. Имамдар мен ғалымдардың пікірінше, қара жамылған отбасының үстелінде түрлі тағамдардың болмағаны жөн. Ас- халықтың бір-біріне көрсеткен құрметі мен дұғасы. Ал бәсеке мен ысырап құрметті жоққа шығарады.

STAN.KZ
Бейсенбі, 27 Қараша, 2025 17:35