Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Батыс Қазақстанда қыз зорлады деп айыпталған шенеунік ауруханада қайтыс болды

Батыс Қазақстанда қыз зорлады деп айыпталған шенеунік ауруханада қайтыс болдыФото: Freepik.com

Батыс Қазақстан облысының полиция департаменті Шыңғырлау ауданы әкімдігінің қызметкері, кәмелетке толмағанға қатысты зорлық жасау күдігіне ілінген, Оралдағы ауруханада қайтыс болғанын мәлімдеді. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.

Қамауда отырған күдікті 11 наурыз күні ауыр хәлде Оралдағы ауруханаға жеткізілген.

“11 наурызда күдікті денсаулығының нашарлауына байланысты Орал қаласының облыстық көпсалалы ауруханасының реанимациялық бөлімшесіне жатқызылды. Диагнозы: бауырдың токсикалық зақымдануы мен бауыр некрозы, инсулинге тәуелсіз кетоацидозды қант диабеті. Науқас 16 наурызда сағат 18:10-да есін жимей қайтыс болды”, – деп хабарлады полиция.

Болған жағдай бойынша алдын ала тергеу жүргізіліп жатыр. Тергеу мүддесінде полиция басқа мәліметтерді жарияламады.



Істің мән-жайы

Айта кетейік, бұған дейін Батыс Қазақстан облысында жоғары лауазымды шенеунік кәмелетке толмаған қызды зорлады деп айыпталғаны хабарланған еді. 

Кәмелетке толмаған қызға қатысты зорлық оқиғасы 3 қаңтарда болған. Жәбірленушінің әкесінің айтуынша, сол күні 57 жастағы ер адам оның қызын алдап үйіне кіргізіп, зорлық жасаған. Оқиғадан кейін полицияға арыз түсіп, күдікті ұсталған.

Әкенің сөзінше, ер адам кінәсін мойындап, қыз да оны таныған. Алайда біраз уақыттан соң күдікті босатылып, үйіне жіберілген. Кейін ол жәбірленуші тарапқа хабарласып, қоқан-лоқы көрсеткенін айтқан.

Әкесі тергеу жұмыстарының баяу жүріп жатқанына алаңдаулы. Оның пікірінше, іс Шыңғырлау аудандық полиция бөлімінде жеткілікті деңгейде қаралмай отыр. Қарапайым отбасы болғандықтан, адвокат жалдауға да әрең қаражат жинағанын айтып, істің жабылып қалуынан қауіптенетінін жеткізген еді.

Айым Болатқызы
Сәрсенбі, 18 Наурыз, 2026 08:40