Батыс Қазақстанда әкімге ауыл тұрғынын балағаттағаны үшін тәртіптік жаза қолданылды
Батыс Қазақстан облысында әдеп жөніндегі кеңес отырысы кезінде ауылының тұрғынын балағаттаған Ақжайық ауданы Жаңабұлақ ауылдық округінің әкімі Жамбыл Дабысқалиевтің әрекеті қаралды. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі “Мой город” басылымына сілтеме жасап хабарлайды.
Фото: Мой город/ Жамбыл Дыбысқалиев
Әкім мен ауыл тұрғынының арасында кикілжің туып, жанжал барысында Жамбыл Дабысқалиев тұрғынға балағат сөздер айтқан. Шенеунік өз кінәсін мойындады. Айтуынша, бұл жағдай 1 қыркүйек күні Жаңабұлақ ауылында болған. Ол күні ауыл әкімі мектептегі жиыннан қайтып келе жатқан.
“Маған ауыл арасында шөп тиеген жүк көлігі жүр деген ақпарат жетті. Бұған дейін аыл тұрғындары жүк көліктері жаңа асфальтті бүлдірмес үшін оларды ауыл арасында жүргізбеуімді сұрады. Біз тіпті шлагбаум мен жол белгілерін орнаттық. Жүк көліктеріне арнайы айналмалы жол салып қойдық. Бірақ жүк көлігі сонда да ауыл арасымен жүріп өткен. Сөйтсем малға шөп әкеліп, 7 мың теңгеге арзанға сатыпты. Бұл ауыл тұрғындары үшін қолайлы баға. Алайда бұл жағдай шөп сатумен айналысатын Есқалиевке ұнаймай қалды. Ол да ауыл тұрғындарына шөп сататынын, ауылға жүк көлігімен кіретінін айтты. Мен оған айналмалы жолды пайдалануды ұсындым. Мен Есқалиевты кішкентайынан білемін, біз бірге өстік. Бірақ ол балағат сөздер айтып, қорлай бастады. Оған ауыл тұрғындары куә. Мен де өзімді ұстай алмай, оған жауап бердім. Өз кінәмды мойындаймын”, – дейді Жамбыл Дабысқалиев.
Әдеп жөніндегі кеңес мүшелері кез келген жағдайда мемлекеттік қызметкер өз эмоциясын тежеп, арандатушылыққа бой алдырмау керегін ескертті.
“Мұндай жағдайда Дабысқалиев құқық қорғау органдары арқылы мәселені шешуі керек еді. Дәлірек айтқанда, полиция ауыр техниканың ауыл арқылы өтпеуін қамтамасыз етуі керек”, – деді кеңес мүшелері.
Кеңестің шешімімен Жамбыл Дабысқалиев сөгіс түріндегі тәртіптік жауапкершілікке тартылды.