Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Батыс Қазақстанда 300-ден астам киік қырылып қалды


Видеодан скрин

Батыс Қазақстан облысында 300-ден астам киік қырылып қалды. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі КТК арнасына сілтеме жасап хабарлайды.

Киіктердің көбі өзеннен өте алмай қалған. Киік қырғыны Ресеймен шекаралас Қазталов ауданындағы Сарыөзен су айдынында болған. Мамандардың мәліметінше, бұл жер ақбөкендердің жортатын жолы екен. Сондықтан өзен суы лайланып, кейбір жері балшыққа айналған. Лай су мен биік жардан өту үлкен киіктерге қиын болмағанымен, құралайлар өзеннен өте алмай суда қалған.

Мамандар бұл жерден 308 киіктің өлексесін тапқан. Арам қатқан жануарлар қазір арнайы орынға жеткізіліп, жойылып жатыр.

"Киіктер бір жерден өтпейді, мысалы, Жәнібек ауданының Таловка ауылының маңынан басталса, Сарыөзен Қазталов ауданынынан Қошанкөл, одан да асып кетеді. Яғни көп мөлшерде, сондықтан кезекшілік қоюға мүмкіндік жоқ”, – дейді БҚО орман шаруашылығы және жануарлар дүниесін қорғау аумағының инспекция басшысы Нұрлан Рахымжанов.

Еске салсақ, осыған дейін Қазақстанда ұрғашы киіктерді аулауға рұқсат етілуі мүмкін екенін жазғанбыз.

Дана Русланқызы
Сейсенбі, 10 Маусым, 2025 22:50
Талқылау