Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

"Дәрігерлер себебін айтпай отыр": Батыс Қазақстан облысында 4 жасар қыз жоспарлы операциядан кейін көз жұмды

Батыс Қазақстан облысында ауруханалардың бірінде 4 жасар қыз жоспарлы операциядан кейін аяқ-астынан қайтыс болды. Бүлдіршіннің ата-анасының айтуынша, қыздың бадамша бездері мен аденоидтары алынғаннан кейін үш күн өткен соң қан кету басталған. Реанимациялық көмек көрсетілгеніне қарамастан, дәрігерлер баланы құтқара алмады. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі Uralskweek.kz порталына сілтеме жасап хабарлайды.

Фото: Uralskweek.kz

Қыздың анасы Роза Абайдуллинаның сөзінше, дәрігерлер бала өлімінің себебін түсіндірмеген. 

"Біз Жансаямыздың неден қайтыс болғанын білмейміз. Дәрігерлер себебін айтпай отыр. Патологоанатомиялық зерттеу нәтижелері екі аптадан кейін дайын болады. Операция бейсенбі күні жасалды, жұма күні ол жүріп жүрді. Бірақ жексенбіге қараған түні Жансаяның тамағынан қатты қан кетіп, тоқтамады. Дәрігерлер менің қызымды құтқара алмады", – деді Роза Абайдуллина.

Анасының айтуынша, қызы Жансая Анарбаеваның дүниеге келгеніне 3 жыл 9 ай болған. Соңғы уақытта анасы оның мұрнымен дем алуға қиналып, жиі суық тиіп, тамағы ауырып жүргенін байқаған. Жергілікті емхана бұларды облыстық аурухананың ЛОР бөлімшесіне аденоидтар мен бадамша бездерін алу үшін жоспарлы операцияға жіберген. Жансаяға "созылмалы тонзиллит" диагнозы қойылған. 

Ауруханадағы бөлімше меңгерушісі Камкиев ашылған кезде баланың сол жақ өкпесінде қан құйылу болғанын айтқан. Бірақ қан кетудің неден басталғанын дәрігер әлі түсіндіре алмапты. Қазір гистологиялық зерттеу нәтижелерін күту керек екен.

Батыс Қазақстан облысы денсаулық сақтау басқармасының мәліметінше, бала 2024 жылғы 25 қыркүйекте облыстық көпсалалы аурухананың ЛОР бөліміне түскен. 

"2024 жылғы 26 қыркүйекте сағат 11:00-де балаға операция жасалды. 2024 жылғы 30 қыркүйекте сағат 00:32-де қыздың ауыз қуысынан қатты қан кетіп, құсу қан ұйығымен бірге болған. Операция бөлмесіне 00:35-те ауыз қуысынан қан кету жалғасып жатқан жағдайда жеткізілген. 00:40-та жүрек қызметі тоқтап қалған. Реанимациялық іс-шаралар жүргізілген", – делінген басқарма хабарламасында.

Облыстық денсаулық сақтау басқармасы патологоанатомиялық (гистологиялық) зерттеу нәтижелері 14 күнде дайын болатынын хабарлады. Егер өлім ауруханада болса, полиция қызметкерлерін тартпай-ақ мәйіт ашылады. Полиция қызметкерлері өлімге басқа себептер немесе жазатайым оқиғалар болған жағдайда ғана зерттеу жүргізу үшін тартылады.



Еске салайық, бұған дейін Ақтауда сәбиге бір ай бойы диагноз қойылмай жансақтау бөлімінде көз жұмғанын жаздық. Мәліметтерге сенсек, бір жасар Абдулланың қазасына ақ халаттылардың өз жұмысына салғырт қарауы себеп болған. Ата-анасының айтуынша, медицина мамандары бір ай бойы дене қызуы түспей қойған кішкентай бүлдіршінге диагноз қоя алмаған. Ермек Нұрбаев жалғыз ұлының қазасына ақ халаттыларды кінәлайды. Себебі дене қызуы 39 градусқа көтеріліп барғанда дәрігерлер бірден қабылдамады дейді әкесі.

Талқылау