"Мейірімді, керемет әке". Батырхан Шүкеновтың ұлы әкесі туралы естеліктерін бөлісті
Фото: Видеодан скриншот
Танымал әнші, композитор Батырхан Шүкеновтың ұлы – Мақсұт “Еуразия” телеарнасының "Қайырлы таң, Қазақстан" бағдарламасына берген сұхбатында марқұм әкесі жайлы жылы естеліктерін бөлісті. Бұл туралы Stan.kz ақпараттық агенттігі хабарлайды.
Бағдарлама барысында жүргізушілер Мақсұттан:
“Батырхан Шүкенов қандай әке еді?”, – деген сұрақ қойды.
Мақсұттың сөзінше, әкесі үйде өте сабырлы адам болған.
“Үйде ол өте сабырлы адам болатын. Менің түсінуімше, ол қатты шаршайтын. Үйге келгенде демалып, рақаттанатын, фортепианода ойнап, әдемі ән айтатын. Ол менің жадымда – мейірімді, керемет әке ретінде қалған”, – деп жауап берді ол.
Сондай-ақ ол әкесінің музыкалық мұрасын жаңғырту оның алдағы уақыттағы басты мақсаты екенін алға тартты.
“Негізі әкемнің әрбір туындысы маған өзінше ұнайды. “Эти теплые летние дни”, “Джулия” секілді әндері өзіме қатты ұнайды. “Джулия” әнінің бейнебаянындағы әйел кейде анамды еске түсіртеді. Әкемнің әндерін қайта жаңғыртып, альбом ретінде шығарамын. Альбомдағы әндерден әкемнің қаншалықты керемет әнші, әлемдік деңгейдегі әртіс болғанын естеріңізге түсіресіздер. Ол альбом мінсіз болады, мен сіздерге уәде беремін”, – деді Мақсұт.
Еске салайық, Батырхан Шүкенов 2015 жылы, 52 жасында жүрек талмасынан қайтыс болған еді. Ал оның ұлы Мақсұт әкесінің жолын қуып, өзі де музыкант атанды.
"Бағасы Еуропадан 10 есе төмен": Қазақстанға БАӘ, Ұлыбритания, Германиядан шетелдіктер медициналық көмек алуға келеді