Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Бастың екіжүзділік салдарынан ауыратынын білесіз бе?

Басыңыз ауырса, дәрі ішуге асықпаңыз. Себебі, ол – уақытша ем. Әрбір аурудың психосоматикалық себебі бар екенін жақсы білетін шығарсыз. Олай болса, бас ауруының психосоматикалық себебін анықтап көрейік. Ол үшін танымал маман Валерий Синельниковтың кітабынан келесі үзіндіні ұсынамыз.

Бастың екіжүзділік салдарынан ауыратынын білесіз бе?

Бұл туралы Stan.kz басылымы жазды.

Бас ойлау процессіне жауап береді. Сана мен сезім ортақ шешім таба алмаған кезде бас ауырады. Естеріңізде болса, кез келген ауру назарды өзімізге аудару үшін туады. Сол себепті, аурудың астарында не жатқанын анықтауымыз керек. Бейсанамыз бас ауруы арқылы бірнәрсені қате жасап жатқанымызды білдіреді. Мысалы, сіз қатты шаршап, басыңыз қатты ауырып тұр делік. Бірақ, бастаған істі соңына дейін жеткізу үшін дамылсыз жұмыс істеп жатырсыз. Бейсанаңыз сізді сақтандыру мақсатында бас ауруын жібереді. Бұл – ең қарапайым мысал.

Екіжүзділік те бас ауруының басты себептерінің бірі. Мысалы, сіз өзіңізге мүлдем ұнамайтын адаммен сөйлесіп тұрсыз делік. Бірақ, оған күлімсіреп, сыпайы сөйлеуге мәжбүрсіз. Мұндай тілдесудің соңы бас ауруына алып келеді. Оның пайда болу механизмі қарапайым. Миыңыздың бір бөлігі осы адам сыйлаған жағымсыз әсерді тіркеп отырады. Екіншісі сіздің сыртқы мінез-құлқыңызды бақылайды. Нәтижесінде миыңыздың бір бөлігі босаңсып, екіншісі қатайып тұрады. Сезім мен образды ойлар өзара үйлеспегендіктен бас ауырады.

Бір күні досымның үйіне қонаққа келдім. Ол уақыт өте келе басының жиі ауыратынын айтып шағымданды. Бас ауруы жарты жыл бұрын пайда болған екен. Мен аурудың пайда болуына себепші болған оқиғалар туралы сұрай бастадым. Ол өзінің фирмасы мен әріптестерін сөз етіп отырып: “Осы Сергей – нағыз басты ауыртатын адам” деп айтып қалды. Оның басының ауырып жүргеніне осы жігіттің тікелей қатысы бар екенін бірден түсіндім. Бірақ, ол өзінің әңгімесін жалғастыра берді. Біраз уақыт өткен соң мен оны тоқтатып, келесі нәрсені сұрадым:

– Серігің Сергей туралы айтқан сөздерің есіңде ме?

Ол транс күйінде болғандықтан, есінде жоқ болды. Әйелі екеуіміз оған осы сөздері туралы айтқан кезде ол қатты таңқалды. Біраз уақыт өткен соң ол осы фирмадан кетіп, “бас ауруын” сол жерде қалдырды. Егер басыңыздың ауруына ішкі ойыңыз бен мінез-құлқыңыздың сай келмеуі себепші болса, екеуіне өзара ортақ шешім табуға тырысыңыз. Яғни олар бір-бірлерімен үндесіп тұруы тиіс. Бұл жағдайда екі нұсқа болуы мүмкін. Бірінші: сізді бұл адаммен араласуға ешкім күштеп жатқан жоқ. Сіз оның жанына жоламасаңыз да болады. Екінші: бұл адамның сіздің өміріңізге енуіне не себеп болғанын анықтап көріңіз. Егер сізге біреудің бойындағы қасиеттер ұнамаса, олар сіздің бойыңызда да бар деген сөз. Өзіңізді өзгертіңіз, сол кезде айналаңыз да өзгереді.

Менің семинарымның қатысушыларының бірі өзін бастығының сынап-мінеп отыратынын айтты. Онымен сөйлескен сайын басы шытынағандай болып ауырады екен. Бірақ, бастығымен күнделікті сөйлесіп отыруға мәжбүр.

– Ол менің қанымды ішіп жатқандай күй кешемін, – деді әйел.

Мен оған бірнеше сұрақ қойдым. Ол бастығына бір нәрсеге бола ренжіп жүр екен. “Бастығым маған бір кездері жамандық жасаған ер адамды есіме түсіреді”, – дейді келіншек. Нәтижесінде бұл әйелдің өзін қатты сынап-мінеп отыратыны анықталды. Өзінің кәсіби және әйелдік артықшылықтарын бағаламайды екен. Семинардан кейін ол өткен өмірінің оқиғаларын талдап, өзіне және бастығына деген қарым-қатынасын өзгертті. Уақыт өте келе оның басы ауырмайтын болды. Бастығы да бұрынғыдай емес, керісінше оны ерекше бағалай түсті. Өзімізді бағаламау, сынап-мінеу сынды қасиеттердің арқасында да басымыз ауырады. Өзін бағаламайтын, сынайтын адам өзгелерге де осындай қарым-қатынас танытады. Өзіңізді осы қалпыңызда қабылдаңыз. Адамдардың тек жақсы қасиеттерін байқай бастаңыздар. Есіңізде болсын: сіз адамдардың бойынан не іздесеңіз, соны көресіз.

Қорқыныш та – бас ауруының негізгі себептерінің бірі. Ол қалыптан тыс адамды байбаламға салып, бәйек қылады. Бойыңыздан осы қорқынышты табыңыз. Әлемге сенім артуды үйреніңіз. Бұл сіздің әлеміңіз. Сол себепті, ол жер бетіндегі ең қауіпсіз мекен. Өзіңізге деген махаббат пен әлемге деген сенім кез келген қорқыныштан арылуға көмектеседі.

Көп жағдайда бас ауруы белгілі бір қызметті атқаруы мүмкін. Ол белгілі бір жауапкершілікті мойынға алмауға көмектеседі. Осылайша әйелдер жыныстық қатынасқа түспеу үшін бастарының ауырып тұрғандарын сылтауратады. Күн сайын кешкі мезгілде басы ауыратын болады. Және бұл жерде дәрі-дәрмек көмектеспейді. Сабырмен мәселені талқылап, белгілі бір шешім шығару қажет.

Бас ауруына құрметпен қарап үйреніңіз. Оны бірінші кезекте сигнал деп қабылдаңыз. Дәрі-дәрмекпен тұншықтырудың қажеті жоқ. Олар уақытша ғана әсер береді. Ауруды тұншықтыру деген – оны емдеу деген сөз емес. Ауруыңыздың себептерін анықтап, оны жоюға тырысыңыз. Ал себебі сіздің сезіміңіз бен ойыңызда.

Себебін өздігінен анықтай алмасаңыз, психоаналитик маманға қаралғаныңыз жөн. Ал сіз адамның басының осы себептерге байланысты ауруы мүмкін екенін білетін бе едіңіз?

Талқылау