"Басты меже – 1000 гол": Криштиану Роналду "Таяу Шығыстың үздік ойыншысы" атанды
Фото:ESPN
Әлемге танымал футболшы Криштиану Роналду үшінші жыл қатарынан "Таяу Шығыстың үздік ойыншысы" атағын жеңіп алды. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
"Әл-Наср" клубының жұлдызды шабуылшысы марапаттау рәсімінде сөз сөйлеп, мансабындағы келесі басты мақсат – 1000 гол соғу екенін атап өтті.
"Менің мақсатым бәріңізге белгілі. Көбірек жүлде ұтып, 1000 голға жеткім келеді. Егер жарақат мазаламаса, бұл межені міндетті түрде бағындырамын, иншаАллаһ", – деді ол.
Роналдудың "иншаАллаһ" (Алла қаласа) деген сөзі әлеуметтік желілерде кеңінен таралып, жанкүйерлер арасында қызу талқылануда.
"Роналду ислам дінін қабылдады ма?", "Үлгі алатын дұрыс жігіт", "Ес білгеннен бері Роналдудың жанкүйерімін", "Мықты футболшы, мойындау керек" деген сынды пікірлер жиі жазылуда.
Сауд Арабиясының "Әл-Наср" клубында өнер көрсететін Роналду биылғы маусымда 40 гол соқты. Ол бұл атақ үшін таласта Карим Бенземаны ("Әл-Иттихад"), Салим әл-Давсариді ("Әл-Хиляль") және Рияд Марезді ("Әл-Ахли") артта қалдырды.
40 жасқа толғанына қарамастан, Роналду өзінің әлі де тың әрі жоғары деңгейде ойнай алатынын дәлелдеуді жалғастырып келеді. Қазіргі таңда оның еншісінде 956 гол бар.
Kcell компаниясы қызметкерлеріне арналған жаңа жылдық корпоративке 160 миллионға жуық қаражат жұмсаған

