Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

"Бастауышта қайдағы сақтар мен ғұндар": Қазақстандық блогер мектеп бағдарламасы мен оқулықтардың сапасын сынға алды

Әлеуметтік желіде блогер Мәдина Қуанышбек мектеп бағдарламасы мен оқулықтардың сапасын сынға алды. Блогер кейінгі 4 жылда 11 оқулық ауысып, оған 60 миллиард теңге жұмсалғанын “масқара” деп бағалады. Оның айтуынша, бастауыш сыныптардағы бағдарлама тым ауыр және қазақ мектептеріндегі оқушылар қазақша мәтінді түсінбейді. Себебі мәтіндер күрделі, ал балалардың көбі орысша сөйлейді дейді. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.

Фото: Видеодан скрин

Блогердің пікірінше, мектептегі білім сапасы төмен, жүйесіз, бастауыштағы бағдарлама балаларға ауыр.

“Кейінгі 4 жылда 11 кітап ауыстырылып, осы аралықта 60 миллиард теңге тек соған кеткен. Масқара емес пе? Не деген сұрауы жоқ ақша бұл? Осынша ақша тек кітаптарға құритындай жыл сайын не тіліміз өзгеріп жатыр ма? Ол жақсы жаққа қарай өзгерсе мейлі ғой... Баланың миын ашыту тұнып тұрған. Мектеп программасы деген сапасыз! Бұл үлкен мәселе! Сәл болашақ ұрпақты ойласаңдаршы?! Сапаны ойлайтын уақыт келді, аналайындар-ау! Бұл не масқара? Бастауышта қайдағы сақтар мен ғұндар?! Көтерілуі керек мәселе деп ойлаймын”, – деді Мәдина Қуанышбек.

Сонымен қатар блогер қазақ мектептеріндегі оқушылар қазақша мәтінді түсінбейтінін айтып қынжылды. Мұның себебі мәтіндер күрделі, ал балалар көбіне орысша сөйлейді деп отыр.

“Буллинг өршіп тұр, әсіресе ірі қалаларда, ал шалғай аймақтардағы жағдай тіпті қиын. Семейдегі оқиға – соның бір мысалы. Халықты ойлайтын уақыт қашан туады екен?! Үкімет басына тапсырманы "тырнақша үшін" орындай бермей, шын жүректен істейтін адам қашан келеді екен?! Не масқара бұл? Бара-бара барымыздан айырылатын түріміз бар ғой! Жеріміз ол кетті, дініміз ол бұрмаланып бітті. Ең болмағанда сапалы білімді қалдырсаңдаршы! 

1-2-сынып оқушысы базаны:

  • ана тілін, сөйлеу мәдениетін, ойын жеткізуді;
  • қаржы, құқықтық сауатты, ақшаны дұрыс пайдаланып жұмсауды;
  • мынадай заманда күйзеліске төзімді, мәдениетті болуды, басқаларды сыйлауды, зиян әдеттерден аулақ болуды;
  • есептеу, жазу, сызу, ойын еркін жеткізіп, фантазияны дамыту үшін сурет салу сияқты кретивті үйрететін сабақтарды;
  • технологиясы дамыған заман болғандықтан осының негізін өту керек қой! Мына сабақтардан шашым ағарып кететін болды!" – деді Мәдина Қуанышбек.

Оқу-ағарту министрлігіне қарасты білім мазмұнын сараптау орталығынан неліктен 2-сыныптың “Дүниетану” оқулығында мұндай мәлімет жүргенін сұрадық.

“Оқулық 2022 жылы “Бастауыш, негізгі орта және жалпы орта білім деңгейлерінің жалпы білім беретін пәндері мен таңдау курстары бойынша үлгілік оқу бағдарламаларын бекіту туралы” ҚР Оқу-ағарту министрінің 2022 жылғы 16 қыркүйектегі №399 бұйрығына сәйкес әзірленген. “Дүниетану” пәнінің оқу бағдарламасының оқу мақсаты ретінде "Қазақстанның тарихи тамыры" тақырыбы бойынша көрнекі материалдарды зерделеу арқылы ғұндардың өмір салтын сипаттау ұсынылған. Осыған орай оқулық авторлары “Дүниетану” оқулығына ғұндардың тұрмыс-тіршілігін сипаттап беру үшін бастауыш сынып оқушыларының меңгеру қабілетіне сай көрнекі бейнелер арқылы берген. Сонымен бірге түрлі-түсті көрнекіліктер, карталар, суреттер, бейнематериалдар ұсынған”, – деп жауап берді білім мазмұнын сараптау орталығы.

Білім мазмұнын сараптау орталығы оқушылар сурет арқылы ғұндардың мал өсірумен, егіншілікпен айналысқанын түсінетінін айтады.

“Суреттерге қарап қандай құралдар қолданғанын атайды. Бейнематериалдар арқылы түсініктерін жетілдіреді. Көрнекілік материалдар арқылы қызық сұрақтар мен тапсырмаларға жауап бере алады. Жалпы сабақты жеңіл ұғынықты етіп түсіндіру мұғалімнің шеберлігіне де байланысты. Мұғалім оқу материалын оқулықтағы көрнекіліктерді, видео таныстырылымдарды, жұмыс дәптеріндегі қосымша тапсырмаларды пайдалана отырып түсіндіруі қажет. Оқулық авторлары оқулықпен бірге, әдістемелік нұсқаулық, жұмыс дәптерін, электронды құралдарды да қоса ұсынып отыр. Қазір үлгілік оқу бағдарламаларының жобасы мемлекеттік жалпыға міндетті білім беру стандартына сәйкес (Оқу-ағарту министрінің 2025 жылғы 23 қаңтардағы №12 бұйрығы) сараптамадан өтіп жатыр. Оқу бағдарламаларын сараптау кезінде аталған мәселе қайта қарастырылады”, – деп түйіндеді білім мазмұнын сараптау орталығы.

Қазақстанда мектеп әдебиетін қайта қарау салдарынан келген шығын 16 миллиард теңгеден асқан


Еске салайық, бұған дейін Қазақстанда 5-сыныптың қазақ тілі оқулығында білім беру ресурсына емес, букмекерлік кеңсенің сайтына апаратын сілтеме табылғаны туралы дау туындады. Оқулықтағы тапсырма бойынша сілтеме арқылы өтіп, оқушылар букмекерлік кеңсенің сайтына кірген.

Талқылау