Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

"Басшыларды қалдырып, бізді қуып жатыр": Петропавлда денсаулық сақтау басқармасы дәрігерлерді қызметтік баспанасынан қуып сотқа берді

Петропавлда дәрігерлерлер Фото: сюжет кадрларынан скрин

Петропавлда денсаулық сақтау басқармасының басшылығы дәрігерлерді он жылдан бері тұрып келе жатқан қызметтік пәтерлерінен қуды. Тіпті баспаналарын босатудан бас тартқан ақ халаттыларды сотқа берді. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды. 

Сотқа барған дәрігерлердің бірі – Алтынқыз Оқанова. Фельдшер болып жұмыс істейтін әйелдің айтуынша, зейнет жасына бес жыл қалғанда басшылыққа керек болмай қалған.

“Қазір тұрып жатқан пәтерді сол кездегі облыс әкімі салтанатты түрде табыстаған. Сонда медициналық мекемеде жұмыс істесеңіз тегін тұра бересіз деді. Енді он жыл өткеннен кейін біз ешкімге керек болмай қалдық. Мені қызметтік пәтерден қуса далада қаламыз. Басқа баратын жерім жоқ”, – деді медицина маманы Алтынқыз Оқанова. 

Денсаулық сақтау басқармасының шешімінен көңілі қалған дәрігерлер енді бұл жерде жұмыс істеуге құлқы қалмағандарын алға тартты. Өйткені күн сайын науқастарды емдеудің орнына, қашан қызметтік пәтерден қуып шығады деген уайыммен жүреді екен. Тіпті, кейбірі жанұяларымен далада қону үшін дәрігер үйінің алдына шатыр тігіп қойыпты. 

“Денсаулық сақтау басқармасы әділетсіз шешім шығарып отыр. Дәрігер үйінде емхананың бас дәрігері тұрады. Мемлекеттік органның басшысы да бар. Оларды қалдырып, бізді неге қуып жатқаны түсініксіз”, – деді медицина маманы Ринат Бижанов.



Ал денсаулық сақтау басқармасының өкілдері жиырма отбасы қызметті пәтерді босатуға тиіс дейді. Олардың тең жартысы басшылық шешімімен келіссе, қалғандарының қызметтік пәтерден кеткісі жоқ. 

“Дәрігер үйі жас мамандарды әлеуметтік тұрғыда қолдау үшін қажет. Өйткені жыл сайын өңірге 40-қа жуық жас маманды қабылдаймыз. Енді ғана университет бітірген жастарға да жағдай жасауымыз қажет. Ал қалада дәрігер үйінен басқа баспана жоқ”, – деді СҚО денсаулық сақтау басқармасы басшысының орынбасары Нұрсұлтан Саржанов. 

Дәрігерлер енді сот шешімін күтпек. Сот қызметтік пәтерді босату туралы шешім шығарса, дәрігер үйінің алдына жаппай шатыр тікпек.

STAN.KZ
Сейсенбі, 12 Тамыз, 2025 10:14
Талқылау
`