Басшылар мен оқу орны өкілдері болып хабарласады: ІІМ қазақстандықтарға алаяқтыққа қатысты маңызды ескерту жасады

Ішкі істер министрлігі қазақстандықтарды алаяқтардың жаңа схемасынан сақ болуға шақырды. Айтуларынша, олар азаматтарға өздерін компания басшылары, мемлекеттік органдар мен жоғары оқу орындарының өкілдері ретінде таныстыруға көшкен. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Министрліктің мәліметінше, қылмыскерлер психологиялық қысым көрсетіп, азаматтарды "қауіпсіз" деп аталатын шоттарға ақша аударуға көндіреді.
"Алаяқтар жалған аккаунттар мен нөмірлерді пайдаланып, қызметкерлермен телефон арқылы немесе мессенджерлерде байланысады. Олар деректердің таралып кеткенін немесе қаражаттың ұрлану қаупі бар екенін алға тартып, жағдайды әдейі ушықтырады. Шұғыл әрекет етуді талап етеді және психологиялық қысым көрсетеді", – деп ескертті ведомство.
Одан кейін алаяқтар "мамандар" немесе "құқық қорғау қызметкерлері" хабарласады деп сендіріп, олардың айтқанын бұлжытпай орындауды талап етеді. Адамдарды "қауіпсіз" деп көрсетілген шоттарға ақша аударуға көндіреді. Ақша түскеннен кейін бірден байланысын үзіп кетеді.
Министрлік мәліметінше, қылмыскерлер заманауи технологияларды белсенді қолданады. Олардың қатарында телефон нөмірін алмастыру және дауысты өзгерту тәсілдері бар. Бұл олардың сенімді болып көрінуіне және адамдардың сақтығын бәсеңдетуіне көмектеседі.
Ведомство өкілдері банктер мен мемлекеттік органдар қызметкерлері ешқашан телефон арқылы ақша аударуды талап етпейтінін атап өтті. Сонымен қатар қазақстандықтарға бейтаныс адамдардың айтқанына ермеуге, ақпаратты тек ресми дереккөздерден тексеруге және күмән болса, бірден құқық қорғау органдарына жүгінуге кеңес берді.
"Әйелдерге тән оюды ерлер пайдаланып жүр": Қазақстандық дизайнер жұлдыздардың ою-өрнекті орынсыз пайдаланып жүргенін сынға алды