"Қабырғасы жарылғалы тұрған үйді берді": Баспана аламыз деп бар қаражатын салған алматылықтар үйден де, ақшадан да айырылып отыр
Фото: Видеодан скрин
Алматыда пәтер аламыз деп бар қаражатын салып жібергендерді компания ақшасыз және үйсіз қалдырды. Пәтер сапасын тексергендер баспананың қабырғасы жарылған, құбырынан су ағып тұрған үйде өмір сүру мүмкін емес екенін айтқан. Құрылысқа жауапты Time Group компаниясы сот шешімі шықса да жәбірленушілерге ақшасын қайтармай отыр. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі КТК арнасына сілтеме жасап хабарлайды.
Салымшылар Time Group компаниясының жарнамасын Instagram-нан көріп, пәтер алмақ болған. Бірі тұрып жатқан үйін сатып жіберіп, ақшасын бастапқы жарна ретінде құйса, енді бірі несиеге алған қаражатын санап берген. Бірақ үйге қоныстанар алдында мамандар тексеріп, үйдің сапасы сын көтермейтінін анықтапты. Тұрғындар бас тартқан пәтерлер Time City мен Абай City тұрғын үй кешендері дейді.
“Барыс” базарының жанындағы үйімді сатып, осы үй кешеніне ақша құйған едім. “Мектебі бар, бәрі жақсы, бәрі күшті болады” дегеннен кейін, осыған ақша салдым. Қабырғасы жарылғалы тұрған үйді берді. Мен ондай апатты үйді алғым келмейді. Сол үшін де соттасып, жеңіп тұрмын. Бірақ ақшамды қайтармай жүр. 5 миллион 536 мың теңге бердім”, – дейді жәбірленушілердің бірі Райхан Наванова.
Жұрт бірнеше айдан бері салған қаржысын қайтаруды талап етіп келеді. Бірақ компания бастапқы жарнаны әлі қайтармаған. Жәбірленушілердің айтуынша, мекеме кеңсесінің табалдырығын тоздырған оларды компания басшысымен кездестірмей қойған. Оның орнына әр келген сайын кепіл хатын ғана қолына ұстататын көрінеді. Бірде "бөліп қайтарамыз" деп уәде берсе, енді бірде нақты күні жазылған кесте де берген. Бірақ оның бірі орындалмаған.
Амалы таусылған азаматтар заңгер жалдап, ақыры сотқа жүгінген. Жауапты тарап сотта жеңіліп, шешім зардап шеккендердің пайдасына шықты. Алайда компания заңды белден басып, сот шешімін орындамай отыр дейді. Маңдай терімен тапқан ақшасынан айырылып, үйсіз қалған тұрғындар компанияның әрекетін нағыз басыну деп ашынады. Ал компания басшылығы келген әрбір тұрғынның құжаттарының көшірмесін жинап, тағы да "кепіл хаттарын" таратты. Енді әр апта сайын қаражатты "кезекпен, бөліп қайтарамыз" деп сендіріп отыр.
“Бұл жерде бір ғана жауап. Осы уақытқа дейін сот болды, оның шешімі шықты. Әрине, біз сот шешімін міндетті түрде орындаймыз. Ол соттың шешімі шыққаннан кейін, сот орындаушыларына берілуі керек. Сол сот орындаушысы өз жұмысын істейді. Бүгінде 4 шілдеге дейін уақыт берілді. Кепіл қағазы берілді. Сол кепілді міндетті түрде орындаймыз”, – деді Time Group компаниясының атқарушы директоры Алтай Шарабаев.

"5 балам бар": Алматыда хостелдегі 13 адамның өліміне қатысты сотта айыпталушы бас бостандығынан айырмауды сұрады
