Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

"Басқа жолдар да бар": Ғылым министрі Саясат Нұрбек грант ала алмаған талапкерлерге кеңес берді

Фото: istockphoto.com

Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек 2025–2026 оқу жылына арналған грант иегерлері тізімі жарияланғаннан кейін талапкерлер мен ата-аналарға үндеу жолдады. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды. 

Министр грант иегері атанған 77 мыңнан астам талапкерді өзінің және министрлік атынан құттықтады. Сондай-ақ ол грант ала алмаған талапкерлерге де қолдау білдірді. 

“Егер сіз биыл мемлекеттік білім грантына іліге алмаған болсаңыз – бұл үміттің үзілгені емес! Грант – тек бір мүмкіндік. Мақсатына сенген адам ешқашан жарты жолда қалмайды”, – дейді министр.

Саясат Нұрбек биылғы конкурсқа өтініш берушілер саны өткен жылмен салыстырғанда 9 мыңға көп болғанын, сондықтан бәсекелестік те өте жоғары болғанын атап өтті. 

“Бүгінгі таңда білім алуға мүмкіндік беретін бір ғана мемлекеттік грантпен шектеліп қалуға болмайды. Сізге қолжетімді өзге де гранттар мен жеңілдіктер бар”, – деп жазды министр. 

Мұндай гранттар арасында: 

- Университетішілік ректор гранттары

Белсенді, оқу үлгерімі жақсы, әлеуметтік жағдайы ескерілген талапкерлерге оқу орындары тарапынан берілетін арнайы гранттар. 2025 жылы мұндай гранттардың жалпы саны 2 000-нан асты. Мысалы, "Туран-Астана" университеті негізгі ҰБТ-дан 100-ден астам бал жинап, "Алтын белгі" иегері атанған талапкерлерге 4 жылдық ректорлық гранттар ұсынады. Ал Халықаралық туризм және меймандостық университеті 680 мақсатты грант бөліп отыр.

- Жергілікті әкімдік гранттары

Әлеуметтік аз қамтылған немесе сұранысқа ие мамандық иелерін дайындау мақсатында облыстық, қалалық әкімдіктер бөлетін білім гранттары. Мысалы, 2025 жылы жергілікті атқарушы органдар бакалавриат бағдарламалары бойынша оқуға 1 700-ден астам білім грантын бөлді.

- Жұмыс берушілердің арнайы гранттары

Бұл гранттар жұмыс беруші мен жоғары оқу орны арасында жасалған келісім негізінде ұсынылады және болашақ мамандарды жұмыспен қамту мақсатын көздейді.

- Жеке демеушілер мен қорлардың гранттары

Мысалы, "Қазақстан халқына" қоғамдық қоры 500 грант ұсынады, "KAZENERGY" қауымдастығы Солтүстік Каспий және Қарашығанақ жобаларының қаражаты есебінен инженерия, IT, жаратылыстану ғылымдары, ауыл шаруашылығы және қызмет көрсету салалары бойынша оқуға төлем жасауға қолдау білдіреді, "Қазатомөнеркәсіп" ұлттық атом компаниясы "Murager" білім беру бағдарламасын жүзеге асырып, ауылдық жерлерден шыққан жастарға уран өндіру мен өңдеу, геологиялық барлау, ядролық отын циклі, энергетика, экология және ғылым салаларымен байланысты бағыттарда гранттар ұсынады.

“Сонымен қатар кейбір талапкерлер гранттан бас тартуы мүмкін, осы кезде мүмкіндік келесі жоғары бал жинаған талапкерлерге беріледі немесе ақылы бөлімде оқуды бастап, кейінгі оқу кезеңінде оқу үлгеріміне қарай бос грантқа өтуге мүмкіндік бар”, – деп жазды Саясат Нұрбек. 

Айта кетейік, бүгін 2025-2026 оқу жылына арналған мемлекеттік білім беру гранттары иегерлерінің тізімін жарияланаған еді. 

Дана Русланқызы
Бейсенбі, 07 Тамыз, 2025 20:48
Талқылау
`