Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Қазақ халқының қандай тарихи жарақаттары бар және олар шынымен де бізге әсер ете ме?

Фото: видеодан скрин

Қазақстандықтарды "тарихи жарақаттан арылуға" шақырған президент Тоқаевтың сөзі қоғамда қызу талқыланып жатыр. Бірі бұл батыл үндеу деп бағаласа, енді бірі "Тарихымызды ұмытуға бола ма?" деп сұрақ қояды. Stan.kz тілшісі профессор, тарихшы Болат Сайланмен сөйлесіп, қазақ халқының санасына терең із қалдырған үш тарихи кезеңді және олардың бүгінгі өмірімізге қалай әсер еткенін сұрап көрді.

“Қазақ халқы тарихи тұрғыда шынымен ауыр жарақат алды”

Еске салсақ, президент Қасым-Жомарт Тоқаев өткен Құрылтайда қазақстандықтарды "тарихи жарақат алған ұлт" психологиясынан арылуға шақырған еді. 

Біз "тарихи жарақат алған" ұлт психологиясынан біржола арылуымыз керек. Басқа түскен қайғы-қасіреттің бәрін басқа халықтардан көру, ұлтымыздың маңдайына жазылған ащы тағдыр туралы бітпейтін пікірталастар жүргізу – кешегі күнмен өмір сүру деген сөз. Бүкіл әлем өзгеріп жатыр, бізге де өзгеретін уақыт келді", – деген еді президент. 

Профессор Болат Сайланның айтуынша, қазақ халқының "тарихи жарақат" алғанын жоққа шығару мүмкін емес.

“Біз отаршылдықты, ашаршылықты, саяси қуғын-сүргінді, соғысты, экологиялық апаттарды бастан өткердік. Мұның бәрі бір халықтың тағдырына тым көп салмақ салды. Сондықтан қазақ қоғамында сақтық, үрей, болашаққа сенімсіздік сияқты психологиялық белгілердің болуы заңды. Ашаршылық жылдары қазақ халқының тең жартысына жуығы қырылды. Мұндай демографиялық апат кез келген ұлттың санасында өшпес із қалдырады. Бұл тарих, ештеңе де ойдан шығарылмаған. Жарақат жоқ деп айту ғылымға да, ар-ожданымызға сын”, – дейді тарихшы. 

Фото: видеодан скрин

Оның айтуынша, қазақ ұлтының тарихи жадында ерекше із қалдырған үш ірі кезең бар, оларды айналып өту мүмкін емес.

Бірінші кезең отарлық саясаттың соңы мен ашаршылыққа ұласқан ХХ ғасырдың 20–30 жылдары

Болат Сайлан бұл кезеңді қазақ тарихындағы ең ауыр бетбұрыс деп санайды.

Жерден айыру, көшпелі өмір салтын бұзу саясаты кеңес өкіметі тұсында күштеп ұжымдастыруға ұласты. Қазақ дайын емес экономикалық модельге зорлықпен көшірілді. Дәстүрлі мал шаруашылығы күйреді, халықтың азық-түлік қоры жойылды. 1931-1933 жылдары миллиондаған қазақ аштан қырылды немесе босып кетті. Бұл жай ғана аштық емес, ұлттың әлеуметтік құрылымын, дүниетанымын күйреткен апат. Қазақ содан кейін ұзақ уақыт өзін қорғансыз сезініп келді, – дейді тарихшы.

Екінші кезең – 1937–1938 жылдардағы саяси қуғын-сүргін

“Бұл кезеңде қазақ ұлты өзінің интеллектуалдық тірегінен айырылды. Алаш зиялылары, оқыған азаматтар, елді алға сүйреуі тиіс элита жойылды. Соның салдарынан қоғамда үнсіздік пен қорқыныш мәдениеті орнықты. Тіліміз шұбарланып, дін тіпті дәстүрімізден айырыла жаздадық", – дейді тарихшы.

Оның айтуынша, бұл жарақат ұрпақтан-ұрпаққа беріліп, бастама көтеруден, жауапкершілік алудан қорқатын сана қалыптастырды.

Үшінші кезең ретінде профессор 1986 жылғы Желтоқсан көтерілісін атады.

“Желтоқсан көтерілісі ұлттық сананың ояну сәті болды. Бірақ сол кезде жастар қудаланып, жазаланды, әділетсіздікке ұшырады. Әділдік үшін күрескен жастарды “нашақор”деп айыптады. Бұл қазақ қоғамында “бізбен санаспайды” деген ішкі қарсылық пен сенімсіздікті күшейтті", – дейді ол.

Тарихшы Желтоқсан оқиғасы кеңестік жүйенің соңғы, бірақ ең ауыр психологиялық соққыларының бірі болғанын айтады.

Сонымен қатар Болат Сайлан Тоқаевтың сөзін біржақты қабылдамау керек дейді. Президенттің инновациялық, батыл шешімдер туралы айтқан ойымен ішінара келісетінін жеткізді. 

“Бұл оқиғалар ұлт санасына терең жарақат салды. Алайда тарихты есте сақтау мен болашаққа ұмтылудың арасында тепе-теңдік болуы қажет. Қазір тарих қайтадан жазылып жатыр. Онда бұрынғы кеңестік дәуірдің ықпалы жоқ”, – дейді.

 

STAN.KZ
Бейсенбі, 22 Қаңтар, 2026 15:21