Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

"Басында жай ойын деп ойлап, кейін 4 жылға созылды": Құмар ойынға салынған 20 жастағы жігіт лудоманиядан қалай емделіп жатқанын айтты

Мерей (есімі өзгертілді) қазір Павлодардағы ойынқұмарларға тегін көмек көрсету орталығында емделіп жатыр. 20 жастағы жігіт мектепте оқып жүрген кезінен бастап, сайтына кіріп, бәс тіге бастаған. Алғашында жай ойын деп ойлаған. Кейін қалай құнығып кеткенін, ауруға айналғанын білмеген. Ол арнайы орталықта тәуелділіктен арылу үшін не істеп жатқанын айтып берді.

Фото: Unsplash.comФото: Unsplash.com

“16 жасымда мектептегі достарымызбен арнайы сайтта бәс тіге бастадық”

Ол мектепте жүргенде ата-анасының берген ақшасын, колледж кезінде өзі жұмыс істеп тапқан жалақысын және үйінен ұрлаған қаржысының бәрін ойынға жұмсаған. Барлығы 2 миллион теңгені салыпты.

"16 жасымда казино сайтында негізінен слоттарды айналдырып, бәс тігетінмін. Мектептегі балдармен бірге көрдік. Алғашында 1000 теңгеден бастап салып жүрдім. Басында ата-анамның қажетіңе деп берген ақшасын жұмсадым. Кейін 30 000, 70 000, 150 000 көлемінде микрозаймдар алдым. Одан соң кәдімгі несие ала бастадым. Колледжге оқуға түскенде жұмыс істеп, айлығымның бәрін ойынға салып жүрдім. Мұндай әдетімді жақындарым білген жоқ", – деп бастады әңгімесін емдеу орталығындағы адам.

Алғашында Мерей мұны жай балалық ойын деп ойлаған. Ақша болған кезде ойынға салып, ұтқан қаржыны жаратып жүрген. Кейін көбірек қаржы салып ойнауды шығарған. Бір кезде ата-анасының ақшасын ұрлауға көшкен.

"Басында жай қызық ретінде қабылдадым. Ойнағанымша, ақшам болғанынша ойнап, ақша ұтып алып жүрдім. Салған ақшамды көп етіп қайтарып алатынмын. Оны күнделікті қажеттерге, киім-кешекке, техникалар сатып алуға жұмсайтынмын. Ата-анамның тамаққа, жолға деп берген ақшасынының бәрін ойынға салып, аш қалатын кездер де болды. Ешкімге айтпай, олардың үйдегі ақшасын алып кететінмін. Жоқ екенін көргенде іздейтін, ұрсатын, жылайтын", – дейді ол.

“Күніне 12-15 сағат сайтта отыратынмын, ата-анам бәрі телефонға телміргеннен деп ойлады”

Ата-анасы баласының мұндай қылығын көріп, бәрін телефонға көп қарағанның кесірінен деп, оны ауылға, жайлауға жіберген. Ауылда интернетсіз, смартфонсыз уақытын тиімді өткізгенімен, қалаға келген соң бәрі қайта басталған. Өзі екі жыл өткен соң ғана мұның ауру екенін түсіндім деп отыр.

"Басында қаладан кетіп, ауылда, қыстақта 2 айдай тұрдым. Таныстарымның ауылында сиыр қарадым. Интернет жоқ, телефонымды алып қойды. Сол жақта телефонсыз өмір сүрдім. Бірақ бұл маған көмектеспеді. Мен қалаға қайтқанда қайтадан құмар ойын ойнап кеттім. Өзім қоюым керек деп ойладым, бірақ қоя алмадым. Қайта-қайта ойнай бердім. Өзіме жауап бере алмадым. Күніне 12-15 сағат сол ойынды ойнап, бәс тігіп отыратынмын. Қасымда бірге бастаған жігіттер де осылай жүрді деуге болады. Тек екі жыл болғанда ғана бұл құмар ойын екенін, жаман әдет екенін түсіндім. Себебі басымда қарызым көбейіп кетті, проблема да ұлғайды. Ақшаны ұрлап алатынды шығардым, үйге келмейтін болдым. Оны білген ата-анам менімен сөйлесті, көмек керек пе деп сұрады. Ауруханаға апарайық деді", – дейді жігіт.

Ата-анасы жап-жас баласын психологқа апарған. Ал маман Павлодар қаласында ойынқұмарларды емдейтін орталық бар екенін айтқан.

"Ата-анаммен осы орталыққа келдім. Келген соң психолог мамандармен сөйлестік, топтық әңгімелесулер де ұйымдастырылды. Маған өте көп көмегі тиіп жатыр. Орталыққа ең алғаш келгенде мамандармен сөлесуге, бірнәрсені ашық талқылауға қысылатын едім. Кейін ақырындап ашылып, өзімді жақсы сезіне бастадым. Осында жүріп, өзімнің бұрын білмеген қырларымды біліп жатырмын. Бала кезден қалған жан қарақаттарым бар екенін біліп, сұрақтарға жауап беру арқылы мінезіммен, әдеттеріммен жұмыс істеп жатырмын. Осында қалып, психологтар арқылы түзеліп, ойынымды қойып тәуелділіктен арыламын деп ойлаймын", – деді Мерей.

Оның арнайы орталыққа келгеніне екі ай болды. Сөзінше, осы уақыттың өзінде психологтармен әңгімелесіп, көп нәрсені талқылап, біраз түзеліпті. Сұрақ қою арқылы адамның неліктен лудоман болып кеткенін білуге болады екен деп отыр. Қазір достарының жағдайы не болғанын білмейді. Бірақ бәрі оқушы кезде бірге бастаған. Мерей орталықтан емделіп шыққан соң өмірін қайта бастап, актерлық мамандығын меңгеріп, актер болғысы келетінін айтты.

"Мектепте оқып жүрген кезде актер болғым келетін. Бірақ актерлықты оқытатын мектептер ақылы болды да, мен автоматтандыру және басқару мамандығына кеттім. Жұмыс істеп жүріп, осы мамандықты оқыдым. Мамандығым бойынша 4 айдай жұмыс істеп үлгердім. Орталықтан шыққан соң дұрыстап жұмыс істеп, ата-анама көмектесіп, олардың үмітін ақтап, бақытты өмір сүргім келеді. Осы мекемеден шығып, дұрыс адам боламын деген ойым бар", – деді құмар ойыннан арылту орталығында емделіп жатқан пациент.

Қазақстан құмар ойынмен күресу үшін қандай жоспар қабылдады?

Туризм және спорт министрлігі және Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігі "Ұлттық ақпараттық технологиялар" АҚ-мен бірлесіп Қазақстан азаматтарын құмар ойындарға және бәс тігуге қатысудан өзін шектеу жөніндегі қызметті автоматтандырды. Енді биылғы наурыздан бастап қазақстандықтар, ел аумағында тұрақты тұратын шетелдіктер eGov mobile қолданбасы арқылы құмар ойындарға және бәс тігуге қатысудан 6 айдан 12 айға дейінгі мерзімге ерікті түрде шектеу туралы өтініш бере алады. Бүгінде бұл қызметті 110 мыңнан астам адам пайдаланып үлгерген.

Сонымен қатар Туризм және спорт министрлігі наурыз айында Қонаев қаласындағы 3 букмекерлік кеңсе мен 1 ойын автоматтары залына ойын бизнесі саласындағы заңнаманы сақтау және қылмыстық кірістерді заңдастыруға қарсы іс-қимыл тұрғысынан жоспарлы тексеру жүргізді. Оған қоса биыл "Кибер қадағалау" ақпараттық жүйесіне бұғаттау үшін 5164 интернет-ресурс және интернет-казино мен заңсыз букмекерлік кеңселердің сілтемесі енгізілді.

Биыл Қазақстанда заңсыз ойын бизнесі мен лудоманияға қарсы іс-қимыл жөнінде 2024-2026 жылдарға арналған кешенді жоспар бекітілді.

Жоспардың негізгі төрт бағыты мынадай:

  1. лудоманияның алдын алуды ұйымдастыру;
  2. халықтың түрлі топтары арасында құмар ойынға тәуелділікті анықтау;
  3. ойынқұмарларды емдеу және медициналық-әлеуметтік жағынан оңалту;
  4. ойын бизнесін мемлекеттен реттеу.
  • Осы жоспар шеңберінде құмар ойынға салынған және тұрақты бәс тігетін адамдар санын 350000-нан 201600 адамға дейін азайту (2024 жылы 35000 (10%), 2025 жылы 63000 (20%), 2026 жылы 50400-ге (20%) дейін азайту);
  • патологиялық тұрғыда тәуелді адамдарды мемлекет есебінен тегін емдеумен және медициналық-әлеуметтік оңалтумен қамтуды 13-тен 300 адамға дейін ұлғайту (2024-те 50 адам, 2025-те 150 адам, 2026-да 300 адамға дейін);
  • бұғатталған интернет казино мен заңсыз букмекерлік сайттардың санын 4500-ден 7722-ге дейін арттыру көзделген (2024 жылы 450-ге (10%), 2025 жылы 990-ға (20%), 2026 жылы 1782-ге (30%) дейін).
“Айта кетейік, бұл жоспарды іске асыру үшін республикалық бюджеттен қаражат талап етілмейді. Барлық іс-шара мемлекеттік органдардың қолданыстағы бюджеттік лимитінен және бюджеттен тыс қаражат есебінен іске аса береді. Жүзеге асыруға 12 орталық мемлекеттік орган, Ұлттық Банк, Мемлекеттік қызмет істері агенттігі, жергілікті атқарушы органдар қатысады. Сонымен қатар біз әрдайым түрлі зерттеулер, әсіресе түрлі халықаралық, аймақтық ұйымдармен өзара бірлесіп, белгілі бір шаралар ұйымдастырып отырамыз. Мысалы, лудоманияға қарсы онлайн және офлайн сұхбаттар, ақпараттандыру жұмыстары, марафондар ұйымдастырылады”, – дейді "Республикалық психикалық денсаулық ғылыми-практикалық орталығының" бас директордың клиникалық және ғылыми жұмыстар жөніндегі орынбасары Нәби Есімов.

Маманның сөзінше, кез келген адам лудомания және тәуелділікке қатысты сұрағын Mentalcenter.kz сайтына жазып, қоя алады. Сонымен қатар телеграм бот та іске қосылған. Мамандар әрқайсына жауап беріп, көмек көрсетеді.

Еңлік Сақтан
Бейсенбі, 26 Қыркүйек, 2024 13:52