Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

"Басымызға мылтық тақап, бетімізге ақша шашты": "Нұрлан мен Мұрат" тобы олигархтың кешінде өнер көрсеткен кезін есіне алды

Елге белгілі дуэт “Нұрлан мен Мұрат” шымкенттік олигархтың тойында ән айтып, оқыс оқиғаға тап болғанын есіне алды. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды. 

Фото: Подкастан скриншот

Өнер иелері Esquire Podcast-та қонақ болып, сахнаға алғаш шыққан сәттен шыр шертті. 

“Бір күні шымкенттік бір ағамыз хабарласты. Сендердің әндеріңді отбасымызбен тыңдаймыз. Кеш болайын деп жатыр, келіп ән айтып кетсеңіздер деген өтініш жасады. Біздің дүрілдеп тұрған уақытымыз. Әдетте, бір-екі әннен кейін, кетіп қалатын едік. Ол жерге барып, “Ләйләнің” өзін 10 шақты рет айттық. Басында бізді керемет қарсы алды. Анасы және отбасымен таныстырды. Әндеріміздің бәрін жатқа біледі екен. Үлкен кісілердің біз де батасын алып жатырмыз. Бір кезде әндерімізді айтып болып, шығайын деп жатсақ, жібергісі жоқ. Анамның өтініші дегесін, тағы бір ән айттық. Олигарх ағамыз ашулана бастады. Ақшасын төлеп қойдық, қалауымызша ән айтқыза береміз деп ойласа керек. Не керек, сол отырыстың арты үлкен төбелеске ұласты”, – деді Мұрат Қожа. 



Әншінің сөзінше, олигархтың күзетшілері мейрамханадан әншілерді шығармай қойған. 

“Кетуге ыңғайланып жаттық. Асаба да музыканттар да аппаратураларын жинады. Ағамыз жібергісі келмейді. Күзетшілеріне “Мына екі жігітті ұстаңдар” деп айқайлады. Біз оған көнбей, сыртқа шығып кеттік. Артымыздан келе жатқан бір күзетшісі мылтық атты. Тіпті, мылтықты басымызға да тақады. Одан Нұрлан екеуміз қолындағы мылтыққа жабысып, жұлып алдық. Бір кезде ағамыз шықты да, 1000 теңгеліктерді бетімізге шашты. Ол кезде гонорарымыз 1000 АҚШ доллары еді. Теңгемен есептесек, 120 мың теңге. Мен жинап алдым да, өзінің бетіне шаштым. Кейін жігіттер “Сендер кете беріңдер. Өзіміз шешеміз” деді. Кейіннен кешірім сұрап, гонорарымызды артығымен төледі. Сол кісінің арқасында концерт беріп, әндер жазылды. Ол кезде ақша құнды еді”, – деп есіне алды әнші. 

Еске салайық, "Өзінің туған жеріне келе тұра, қонақүйде жататынын түсінбеймін" деп "Нұрлан мен Мұрат" тобының әншісі жас әншілерді сынаған еді. 

Талқылау