Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

"Басы мен қолы сынып, иығы шығып кетті": Алматылық анасын әлдекім соққыға жыққанын айтып, көпшіліктен көмек сұрады

Алматылық Анастасия есімді қыз анасын ер адам соққыға жыққанын айтып, көпшіліктен көмек сұрады. Оның айтуынша, анасының басы мен қолы сынып, иығы шығып кеткен. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды. 

Фото: TikTok парақша borz_girl

Оқиға 5 сәуірде болған. Жәбірленушінің қызының айтуынша, ер адам анасының басынан, аяқ-қолы мен иығынан ұрып-соққан. Темір таяқшамен оннан астам соққы жасаған.

"Анамды ауруханаға жатқызып, он шақты жерін тікті. Бас, маңдайы мен қолы сынып, иығы шығып кеткен. Қазір жүре алмайды. Түрксіб аудандық ішкі істер бөліміне барып, жағдайымды айтып, арызымды қабылдауын сұрадым. Олар жәбірленушінің өзі келіп арызданса ғана қабылдайтынын айтты. Анамды қанға боялып, тігіс алған күйінде полиция бөлімшесіне әкелуге мәжбүр болдым", – дейді жәбірленушінің қызы. 

Қыздың айтуынша, соққыға жыққан ер адам анасын өлтіргісі келген. 

"Арыз берген кезде полиция істі Қылмыстық кодекстің 107-бабы (Денсаулыққа қасақана ауырлығы орташа зиян келтiру) бойынша тіркегенін айтты. Дегенмен бұл маған ұнамайды. Себебі ол анамды өлтіргісі келді. Оны техникалық қызмет көрсету станциясында жұмыс істейтін жігіттер құтқарып қалған. Егер олар болмаса анам тірі қалмас еді. Себебі бұл – қасақана жасалған тірлік. Полицияға тағы барғанымда, істің Қылмыстық кодекстің 108-бабы (Денсаулыққа қасақана жеңіл зиян келтiру) бойынша жүргізіліп жатқанын білдім. Демек адамның басы мен қолын сындыру, иығын шығарып, маңдайын жару денеге жеңіл зиян келтіру деп саналады екен", – дейді қыз. 

@borz_girl

все закреплено в актуальных в Инстаграм @borissova_25

♬ оригинальный звук - borzova_ girl

Қыздың айтуынша, полиция күдіктіге айыппұл ғана салынатынын айтқан. 

"Анамның қимыл-қозғалысы шектеулі. Киініп, жуынып, дұрыс тамақтана алмайды. Бәрін бір қолымен жасайды. Миы шайқалған, басының арты және үстінде көгерген жерлері бар. Полициядан бапты неге ауыстырғанын сұрадым. Олар күдіктіге айыппұл ғана салынатынын, заң солай екенін жеткізді. Басқа бап бойынша іс қозғау үшін анам комаға түсіп, басқа да ауыр жағдайға тап болуы керек екен. Анамның басы, қолы сынып, иығының шығып кетуі денсаулыққа жеңіл зиян келтіру деп саналады екен", – дейді қыз. 

Сондай-ақ ол көпшілікті әділдікке қол жеткізуге көмектесуге шақырды. 

Аталған жағдайға қатысты Stan.kz тілшісі Алматы қалалық полиция департаментінен мән-жайды сұрады.

Полиция мәліметінше, күдіктіні жауапкершілікке тарту шаралары жүргізіліп жатыр. 

“Түрксіб аудандық полиция басқармасы адамның денсаулығына қасақана орташа ауырлықтағы зиян келтіру дерегі бойынша қылмыстық іс қозғады. Күдіктіні ұстап, жауапкершілікке тартуға бағытталған жедел шаралар кешені жүргізіліп жатыр. Оқиғаның басқа да мән-жайларын анықтау мақсатында тергеу шаралары жүргізіліп жатыр”, – делінген хабарламада. 

Талқылау