Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Башар Асад биліктен кетер алдында 500 мың доллардай қолма-қол ақша мен құпия құжаттарды шетел асырған

Сирияның бұрынғы президенті Башар Асад елден қашар алдында 500 мың доллардай қолма-қол ақша мен бағалы заттарды, құпия ақпарат жазылған қатты дискілер мен ноутбуктерді Біріккен Араб Әмірліктеріне жіберіп үлгерген. Мұны Reuters оннан астам дереккөзден сауалнама жүргізіп, анықтаған. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.

Фото: kremlin.ru

Агенттік дерегіне сүйенсек, операцияны экс-президенттің бас экономикалық кеңесшісі Ясар Ибрагим басқарған. Ол Embraer Legacy 600 жеке ұшағын жалдап, Асадтың құнды мүлкін және туыстары мен көмекшілерін Біріккен Араб Әмірліктеріне жеткізуді ұйымдастырған.

Embraer Legacy 600 ұшағы режим құлағанға дейін 48 сағат бұрын Сириядан Біріккен Араб Әмірліктеріне төрт рейс жасаған. Алғашқы екі рейс 6 желтоқсанда Дамаскіден Абу-Дабидегі Әл-Батин әуежайына орындалған. Ол кезде Асадтың туыстары Сириядан қолма-қол ақша мен картиналар, шағын мүсіндер алып шыққан.

Embraer үшінші рет Сирия астанасынан 7 желтоқсан күні кешке ұшып шыққан. Бұл жолы ұшаққа қолма-қол ақша салынған сөмкелер, қаржыға қатысты ақпараттар мен кездесулердің хаттамалары, компанияларға және жылжымайтын мүлікке меншік құқығы туралы деректер, сондай-ақ ақша аударымдары және оффшорлық шоттар туралы ақпараттар жазылған қатты дискілер мен электронды құралдар тиелген.

8 желтоқсанда көтерілісшілер ел астанасына басып кірген кезде Дамаск әуежайы жабылып, Асад Латакияға қашып кеткен. Соңғы рет Әл-Батиннен ұшып шыққан Embraer ұшағы Хомстың үстінен ұшып өтіп, Ресейдің Хмеймим әуе базасына қонғанша алты сағаттай көріну аймағынан жоғалып кеткен. Бұл жолы ол ұшақпен Ибраһимнің серіктесі Ахмед Халил ұшқан. Ол базаға БАӘ елшілігінің брондалған көлігімен барған. Ол Сирияның халықаралық ислам банкіндегі шотынан алынған қолма-қол ақшаны жеткізген. Шот Дамасктегі Al-Burj Investments компаниясына тиесілі болған.

Ал Асадтың қайда екені тіпті жақын туыстарына да құпия болған. 8 желтоқсанда ол Ресейге ұшып барып, сол жерден саяси баспана алды.

Еске салсақ, жыл басында Дамаск пен Мәскеу арасында Ресейдің Сириядағы әскери базаларын сақтау жөніндегі келіссөздер кезінде елдің жаңа билігі Башар Асадты қайтаруды және өтемақы төлеуді талап етті. Экс-президентті экстрадициялау туралы талапты көтерілісшілердің басшысы Ахмед аш-Шараа көтерген.

Талқылау