Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

"Бас сүйегі миына қарай кіріп кеткен": Шымкентте қаза тапқан такси жүргізушісінің туыстары әділ тергеуді талап етті

Түркістан облысында көз жұмған такси жүргізушісінің туыстары тергеудің әділ өтуін талап етеді. Марқұмның жақындарының айтуынша, Қайсар Керімбаевты үш жолаушы тепкінің астына алып, көлігін тартып алмақ болған. Соққыдан ауыр жарақат алған атпалдай азамат оқиға орнында тіл тартпай кеткен. Алайда қылмысқа қатысы бар деген күдікпен бір ғана адам қамауда отыр. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі Информбюро бағдарламасына сілтеме жасап хабарлайды.

Видеокадрдан скриншот 

Айта кетейік, қайғылы оқиға екі ай бұрын болған. Сайрам ауданынан Шымкентке үш жолаушы апарған такси жүргізушісі соққыға жығылып, ауыр жарақаттан көз жұмды дейді марқұмның туыстары. 

Марқұмның туысы Дәурен Керімбаевтың сөзінше, өлімге бірнеше адамның қатысы бар.

"Ақтық сапарға шығарып жатқанда өзім жуындырдым. Бас сүйегі миына қарай кіріп кеткен. Ешкім көріп жүрегі шыдай алмайды ол нәрсені. Денесінің бәрі көгерген. Қолдарын жіппен байлаған. Бір адамның шамасы жетпейді ол істі істеуге. Үш адам істеген", – деді Дәурен Керімбаев.

Мәліметтерге сенсек, үш жолаушының біреуі "денсаулыққа қасақана ауыр зиян келтіру" бабымен қамауға алынған. Бірақ қара жамылған отбасы 43 жастағы азаматтың бірнеше адамның қолынан қаза тапқанына сенімді. Қайсар демалыс күндері жолаушы тасымалдап, нәпақа тапқан екен. Ал таксистің әйелі Лаура Омарова тергеу барысына көңілі толмайтынын айтты.

"Тергеу процесіне көңілім толмайды. Біреу ғана қамауда отыр. Екеуі бостандықта жүр. Мақсаттарын біз де түсіне алмадық, жұмбақ болып тұр ғой. Түсініксіз, соны тергеуде анықтап берсе бізге. Не үшін машинасын алмақ болды? Ішіп-жегенінің бәрін соның шотынан төлеген", – деді Лаура Омарова.



Марқұмның туыстары күдіктілердің барлығы қамалсын деген талаппен Сайрам аудандық полиция бөлімшесіне барды. Алайда тәртіп сақшылары қанды қылмыстың мән-жайы тергеу аяқталған соң белгілі болады деп қысқа қайырды. Жантүршігерлік оқиғадан кейін қылмысты жасырды деген күдікпен тағы екі адамнан жауап алынып жатыр дейді полиция.

"Оқиғадағы әрбір қатысушының яғни, екі тұлғаның іс-әрекетіне құқықтық баға беріледі. Сонымен қатар негізгісінен бөлек қылмысты жасырып қалу дерегі бойынша қылмыстық іс тергеліп жатыр", – деді Түркістан облысы полиция басқармасы бастығының орынбасары Асылжан Қалдарбеков.

Қылмыскерлер марқұмның қалтасындағы 70 мың теңгесін де жаратып тастаған. 43 жастағы Қайсар Керімбаевтың артында жары мен үш баласы қалды.

Еске салайық, бұған дейін Түркістан облысының Ақсукент ауылында үш ер адам мас күйінде жігітті соққыға жығып, өлтіргені туралы хабарлаған едік. Қылмысқа қатысушылардың бірі ұрып-соққан жас жігітті видеоға түсіріп, анасы мен досына жіберген. Дегенмен олар еш шара қолданбаған.

Талқылау