Жуырда белсенді Марат Тұрымбетов Нұрлан Сабыровқа қатысты Бас прокуратураға арыз жазды. Ол Сабыровтың Украинадағы соғысты қаржыландыруы мүмкін деген деректі тексеруді талап етті.
"Жеке өзі шеше алады": Бас прокуратура комик Нұрлан Сабыровқа қатысты жағдайға пікір білдірді

Бас прокурордың орынбасары Ғалымжан Қойгелдиев Нұрлан Сабыровқа қатысты жағдайға пікір білдірді. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Мәжіліс кулуарында Ғалымжан Қойгелдиевтен бұл жағдайға қатысты қандай шешім қабылданғаны сұралды.
“Біріншіден, шетелдік органдардың шешіміне біз пікір білдіре алмаймыз. Екіншіден, бұқаралық ақпарат құралдарында жазылып жүрген ақпараттың бәрі тексеріліп жатыр. Ол зерттеуді қажет етеді. Ал БАҚ-та айтылып жүрген Қылмыстық кодекстің 170-бабы (Жалдамалылық) Ұлттық қауіпсіздік комитетінің құзыретіне жатады”, – деді бас прокурордың орынбасары.
Жеке өзі адвокат жалдап шешуі керек
Ал Сыртқы істер министрінің орынбасары Әлібек Бақаев Ресейге кіруге тыйым салу мәселесін Нұрлан Сабыровтың өзі заңгерлер мен адвокаттар арқылы шешу керегін айтты.
“Мұны Нұрлан Сабыровқа ғана емес, барлық азаматқа қатысты айтып отырмын. Кез келген азаматқа қандай да бір елге кіруге тыйым салынса, олар бұл мәселені жеке тәртіппен, өзі шешеді. Адвокаттар мен заңгерлерді жалдап, шешімге шағымдана алады. Мұндай тыйымдарды біздің ел емес, оны қойған мемлекеттің заңнамасы реттейді”, – деді Бақаев.
Оның айтуынша, Сабыров бұл мәселеге қатысты ресми түрде Қазақстанның Мәскеудегі елшілігіне де, Сыртқы істер министрлігіне де жүгінбеген. Сондай-ақ Бақаев тыйым салу туралы шешімге пікір білдіруден бас тартты. Себебі, бұл Ресейдің ішкі шешімі және оның заңнамасымен реттеледі дейді. Қазақстанның Сабыровтың Ресейде қалған мүлкіне де қатысы жоқ екенін айтты.
“Мұндай мәселелер де мүлік орналасқан елдің заңнамасына сәйкес шешіледі. Бұл іс тиісті мемлекеттің органдары, соттары және басқа да құрылымдары арқылы қаралады”, – деді Бақаев.
Айта кетейік, бұған дейін ресейлік БАҚ-та қазақстандық белгілі әзілкеш Нұрлан Сабыровқа Ресейге 50 жылға кіруге тыйым салынғаны жөнінде ақпарат тарағаны хабарланған еді. Кейінірек комиктің Ресей азаматтығын алудан бас тартқаны белгілі болды. Сондай-ақ Сабыровтың Ресейге қайтып оралу шарттары жарияланды.
Бірнеше күннен кейін ғана Нұрлан Сабыровтың өзі алғаш рет мәлімдеме жасады.
Алтынбек Сәрсенбаевтың көз жұмғанына 20 жыл: Оппозиционердің өлімі туралы не белгілі