Бас прокуратура шенеуніктердің Эпштейн ісіне қатысы бар-жоғын анықтамақ

Қазақстанның Бас прокуратурасы “Эпштейн файлдары” бойынша тексеріс бастады. Бұл туралы Ақорда кулуарында Бас прокурор Берік Асылов мәлімдеді. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Берік Асыловтың айтуынша, ведомство жария болған материалдарды зерделеп, деректерді тексеріп жатыр.
“Әрине, бұл – маңызды мәселе. Депутат енді ғана сауал жолдады, бірақ бұл тақырыпты бүкіл әлем талқылап отыр. Сондықтан біз құқық қорғау органы ретінде осы бағытта қарап, бұл деректердің рас-өтірігін тексеріп жатырмыз”, – деді ол.
Бас прокурор Кәрім Мәсімовке қатысты алдын ала тексеріс басталғанын растады.
“Алдын ала тексерісті бастадық. Депутат Эпштейн Қазақстанға келді ме, келмеді ме деген сұрақ қойып отыр. Осы бөлігі бойынша тексеріс жүріп жатыр. Ал Келімбетовтің өзі шетелге шықты ма, шықпады ма – бұл қосымша тексеріледі”, – деді ол.
Мән-жайы
25 ақпанда мәжіліс отырысында депутаттар Бас прокурор мен Ұлттық қауіпсіздік комитеті төрағасынан қазақстандық элитаның Джеффри Эпштейнмен ықтимал байланысын тексеруді сұрады.
Мәжілістің пленарлық отырысында фракция жетекшісі Асхат Рахымжанов бұл мәселе ұлттық қауіпсіздікке қатер төндіруі мүмкін екенін айтты. Сондықтан құқықтық баға беруді талап ететінін жеткізді.
Депутаттың сөзінше, “Эпштейн файлдарында” аталған қазақстандық лауазымды тұлғалар мен олармен байланысы бар адамдар туралы ақпарат тексерілуі керек.
Асхат Рахымжановтың айтуынша, мемлекетке опасыздық жасау және билікті басып алуға әрекет ету ісі бойынша жазасын өтеп жатқан бұрынғы Ұлттық қауіпсіздік комитеті төрағасы Карим Мәсімов “Эпштейн файлдарында” кемінде сегіз рет аталады. Жазбалардан Эпштейн мен Мәсімовтің жеке таныс болғаны аңғарылады.
“Неге жоғары лауазымды қазақстандық шенеунік Эпштейнмен кездесуге мүдделі болды? Бұл кездесулер қай аумақта өтті? Сол атышулы аралда болған жоқ па?”, – деген сұрақ қойды депутат.
"Жоғары жалақы, тегін үй мен тамақ, соңғы үлгідегі MacBook": Италиядағы халықаралық мектепте сабақ беретін қазақстандық ұстаздық жұмысы жайлы айтты