Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Бас мүфти: Сақал мен балақтың ұзындығымен мұсылмандықты өлшеу қате түсінік

Парламентте қаралып жатқан діни саланы реттейтін жаңа заң жобасына туындаған даулы пікірлерге Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының төрағасы, Бас мүфти Серікбай қажы Ораз жауап берді. Ол қысқа балақты, сақалды мұсылмандардың ендігі жағдайы не болатынын, дінге сенбейтіндердің сезімі мен намысына тигендерге айыппұл салу туралы да ой қозғады.

Бұл туралы Бас мүфти Серікбай қажы Ораз Sputnik Қазақстан-ға берген сұхбатында айтты.
Қазіргі уақытта парламентте қаралып жатқан дін туралы заң жобасына діни басқарма да атсалысты. Бас мүфти дін қызметкерлері тарапынан қандай ұсыныстар болғанын айтып берді.

Мүфтидің айтуынша, діни басқарманың талаптары мен ережелері жазылған, бірақ заңдық күші жоқ.  Сондықтан ереже бұзылса шара қолданылмай жүр. Осы мәселе заң жобасыда қрастырылған.

Оның айтуынша, заңда сақал, балақ туралы жазылған нақты бап жоқ. Тек діни деструктивті ағым деген түсінік бар. Бірақ деструктивті ағымдағы адамның портреті жоқ. Сондықтан заң қабылданғаннан кейін әзірленетін нормативтік-құқықтық актілерде оның нақты белгілері анықталады. Деструктивті ағымдағы адамның портретін қалыптастыру үшін әлі де біраз ізденіс керек екен.

«Бір ғана көрініс оған толыққанды жауап бере алмайды. Десек те, өкінішке қарай, бүгінде қысқа балақ пен ұзын сақал ой салып, күдік тудыратыны рас. Өйткені, деструктивті деп күмәндануға негіз бар. Олар иманды, мұсылмандықты балақ пен сақалдың ұзындығымен таразылайды. Әлемнің мұсылман еліміз деп отырған ешбір мемлекетте ұзын сақал мен қысқа балақ деген норма жоқ, бұл негізгі өлшем емес. Жаңсақ пікір ғой. Олардың келтіріп жүрген дәлелдері мен дәйектері міндетті түрде балақтың қысқа болуына міндеттемейді. Сондықтан оның бәрі артық дүние», -дейді бас мүфти.

Ол нағыз мұсылманның қандай болатынын да түсіндіре кетті.

«Дәстүрлі дінімізде балақты қысқарту деген жоқ. Сақал — пайғамбарымыздың сүннеті, бірақ сақал мен балақтың ұзындығымен мұсылмандықты өлшеу — әсіре діншілдік, қате таным-түсінік.

Нағыз мұсылман төңірегіне нұр шашып жүретін, отанын сүйіп, оған қалтқысыз қызмет етуді парыз көрген, қоғамға пайдалы болған адам. Кемел мұсылман жүріс-тұрысымен өнеге көрсетіп, ынтымақ пен бірлікке үндейді. “Нағыз мұсылман – өзге адамдар оның тілі мен қолынан зиян көрмеген адам” делінген хадисте».

Серікбай қажы Сатыбалдыұлы адасқандардың да дұрыс жолға түсетінін және олардың да Қазақстан азаматтары екенін естеп шығармауды ескертті.
«”Әр қазақ менің жалғызым” деген тамаша сөз бар емес пе? Жаңылмайтын жақ, сүрінбейтін тұяқ болмайды. Олардың бәрі осы елдің азаматтары, отанын жақсы көреді. Біздің ендігі мақсатымыз — оларды райынан қайтару. Дінге жаңа бет бұрған адамдар да назарымызда болады. Енді қазір жеке адамға көңіл бөлеміз. Біз үйретпесек, ол интернеттен “ұстаз” тауып, соны үлгі тұтатын болады. Сөйтеді де, ертең адасады. Мұндайға біз жол бермеуіміз керек», – деді ол.

Мүфти заң жобасындағы дінге сенбейтіндердің сезімі мен намысына тиюдің әкімшілік жауапкершілігі туралы бапқа пікірін білдірді.

«Бұл норма күпірлікпен айыптау секілді шектен тыс кеткен радикалды көзқарастан туындап отыр. Әсіре діншілдікке берілген адам өзі секілді деструктивті көзқарастағы азаматты ғана дұрыс мұсылман, ал намаз оқыса да, өзгеше ойлайтын жанды нағыз мұсылман емес деп есептейді. Мүлдем намаз оқымаған адам “кәпір”. Міне, осылай қоғамды айыптай бастады. Ал бұлардың құқығын қорғайтын норма заңда болған жоқ. Біреудің сенімін кінәлауға болмайды деген сияқты жалпылай болғанымен, нақтыланбаған екен.

Пайғамбарымыздың заманында ол өмір сүрген қалада басқа діндегілер де жүрген. Сонда пайғамбарымыз, қазіргі тілмен айтқанда, толеранттылық танытты. Мұсылмандар басым деп, оларды көшіріп жіберген жоқ, не болмаса “бәрің мұсылман боласыңдар” демеді. Пайғамбарымыз Алла Тағаланың әділет жолымен жүрді. Алла Тағала қасиетті Құранда “дінде зорлық жоқ” дейді. Дінде насихат бар, бірақ мәжбүрлі насихат емес, айла мен қулыққа сүйенген насихат емес. Бірін-бірі асыра айыптамау үшін адамға Алла Тағала ақыл, пайым, еркіндік берген», – деді ол.

Қазақстанда орыс тілінде уағыз айтатын имамдардың пулын жасақталған. Олардың саны 40-тан асады, бұл қажет болған ортада жекелеген адамдармен жұмыс істеуге жеткілікті, дейді Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының төрағасы, Бас мүфти Серікбай қажы Ораз.

Тағы оқыңыз:

Атырауда төбелес шығарған күзетшілер қытайлықтардан кешірім сұрады

Алматыда автобус жүргізушілері шатақ шығарды

Ақтөбеде тек тұрмыстық техникаларды ұрлаған әккі ұры ұсталды

Ақмола облысында 6 жасар баланы өз иті талап өлтірді

Талқылау