Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Бас бостандығынан шектелген Дәулет Тұрлыхановтың ұлы түнде көшеде жүр: Ішкі істер министрлігі жауаптыларды жазалады

Ішкі істер министрлігі бас бостандығын шектеу жазасына кесілген Нұрасыл Болатты уақытылы есепке алмаған жауапты қызметкерлерді жазаға тартты. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды. 

Фото: Видеодан скрин

Аталған ақпаратты Ішкі істер министрлігінің Қылмыстық-атқару жүйесі комитетінің төрағасы Теңізжан Жәнібеков мәлімдеді.

"Бірқатар кінәлілер іс жүргізу тәртібін бұзғаны үшін тәртіптік жауапкершілікке тартылды", – деді Жәнібеков.

Дегенмен қанша адамның жауапқа тартылғаны нақтыланбады. 



Айта кетейік, бұған дейін Желіде мәжіліс депутаты Дәулет Тұрлыхановтың бас бостандығы шектелген ұлы Нұрасыл Болаттың түнгі уақытта көшеде жүрген видеосы тараған еді. Осыған байланысты Қылмыстық-атқару жүйесі комитеті пікір білдірген. ІІМ Қылмыстық-атқару жүйесі комитеті сотталған адамға қатысты үкім 14 тамызда пробация қызметіне (тіркелген мекенжайы бойынша) орындауға түскенін жеткізген. 

Еске салайық, ақпан айында заңгер Анна Димитриевич күйеуі Олег Чернов екеуін Дәулет Тұрлыхановтың ұлы Нұрасыл соққыға жыққанын мәлімдеді. Көп ұзамай оның үстінен ҚР ҚК-ның 293-бабы “Бұзақылық” бойынша қылмыстық іс қозғалды.

Кейін депутат ұлының жасаған іс-әрекетіне қатысты пікір білдірген еді. 

Алғашында депутаттың ұлы айыппұлмен құтылғанымен, кейін Жоғарғы сот оған бас бостандығын шектеу жазасын берді.

Нұрила Жұмаділлә
Дүйсенбі, 26 Тамыз, 2024 16:43