Барселона Челсиден 0:3 есебімен ойсырай ұтылды

Фото: Catherine Ivill - AMA/Getty Images
Чемпиондар лигасының 5-туры аясында "Барселона" сырт алаңда "Челсиге" қарсы матч өткізіп, 3:0 есебімен ойсырай ұтылды. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Ойын алғашқы минуттардан-ақ тартысты басталды.
4-минутта Энцо Фернандес қарсыластың қақпасынан саңылау тауып, гол соққан еді. Алайда төреші Уэсли Фофананың қолына доп тигенін анықтап, голды есепке алмады.
Артынша, 22-минутта Фернандес тағы бір мәрте гол соқты. Дегенмен бұл жолы ол ойыннан тыс қалғандықтан (офсайд), тағы да гол есепке алынбады.
Ал матчтағы алғашқы ресми гол 27-минутта тіркелді. "Барселона" сапынан Жюль Кунде "Челсидің" тоқтаусыз шабуылы кезінде абайсызда допты өз қақпасына бағыттап алды (автогол).
Бірінші таймның соңына қарай "Барселонаның" жағдайы одан сайын қиындай түсті. Ойын барысында Рональд Араухо екінші сары қағазын алып, алаңнан қуылды. Нәтижесінде каталониялықтар 10 ойыншымен қалды.
Екінші таймда лондондық клуб басымдығын күшейте түсті. 55-минутта Эстевао Виллиан есепті 2:0-ге жеткізсе, 74-минутта Лиам Делап матч нүктесін қойды – 3:0. Осылайша Барселона Челсидің осал тұсын таба алмай, ойсырай ұтылды. Тіпті Ламин Ямальдың өзі командасына көмек көрсете алмады.
Бұл жеңістен кейін "Челси" 10 ұпаймен топта жоғары орынға көтерілді. Ал "Барселона" 7 ұпаймен турнир кестесінің орта тұсында қалды
Қазақстандағы қолданыста жүргеніне 30 жылдан асқан қанша ұшақ бар: Қауіпсіздігі қалай тексеріледі

