"Барыс" хоккей клубы "Адмирал" командасын жеңіп, сәтсіздіктер сериясын үзді

Астананың "Барыс" хоккей клубы ҚХЛ-дың 2025/26 жылғы маусымында сырт айдында Владивостоктың "Адмирал" командасына қарсы ойнап, 4:1 есебімен сенімді жеңіске жетті. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Матчтың алғашқы бөлігінде қос ұжым да сақ ойнап, есеп ашылмады. Ал екінші кезеңде “Барыс” ойын тізгінін қолына алып, елордалықтар матчтағы алғашқы шайбаны соқты.
"Барыс" сапынан Кирилл Савицкий мен Дінмұхамед Қайыржан мергендік танытып, командасын алға шығарды.
Үшінші кезеңде “Барыстықтар” басымдығын одан әрі нығайта түсті.
Эмиль Галимов пен Майкл Веккьоне қарсылас қақпасын тағы да дәл көздеп, есеп айырмасын ұлғайтты.
Алайда матчтың аяқталуына санаулы минуттар қалғанда ғана "Адмирал" ойыншысы Либор Шулак бір шайбамен жауап қатты.
Енді “Барыстықтар” 12 ақпанда өз алаңында Санкт-Петербургтің СКА командасына қарсы ойнайды.
Осылайша Михаил Кравец жаттықтыратын ұжым алты матчқа созылған сәтсіздіктер тізбегін тоқтатып, турнирлік кестедегі ұпай санын 42-ге жеткізді.
Дегенмен "Барыс" Шығыс конференциясында әзірге 10-сатыда тұр. Ал "Адмирал" 37 ұпаймен конференцияның төменгі жағында орналасқан.
"Төрт жыл бұрын Қазақстан азаматтығын алған": Сарапшы Шарлапаевтың "Атамекен" кәсіпкерлер палатасына тағайындалуын сынға алды