"Бәрібір жыламаймын, көкбетпін": Мереке Қалбаева "өліп қал" дейтін әйелдерге жауап берді
Танымал КВН ойыншысы Мереке Қалбаева әлеуметтік желіде өзіне ауыр сөздер жазатындарға тоқталды. Сондай-ақ, ол сүйіктісін кездестіргелі өмірінің 180 градусқа өзгергенін айтты, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі Қазақстан ұлттық арнасының «Ниет» бағдарламасына сілтеме жасап.
Сурет: instagram.com/merekusha.k/?hl=ru
«Бір адам ұнамаса, ол адамның парақшасы оқып, көңіл-күйіңді құртып не істейсің? Мысалы, менің көргім келмейтін, ұнатпайтын парақшаларым бар. Ертең қызықты айдарында шығып қалмауы үшін бірден бұғаттап тастаймын. Себебі, көңіл-күйім түсіп кетеді. Бағдарламалар бар, соларды көрмеуге тырысамын. Олардың ешқандай да пайдасы жоқ. Егер мен біреуге пайда тигізбейтін болсам, жүйкесіне тисем, мені де солай бұғаттай салсын. Ең оңай жолы – осы», - деді Мереке Қалбаева.
Әрі қарай ол өзіне жағымсыз пікірлердің КВН ойнай бастағаннан бері жазылып жүргенін айтты. Бірі – дауысын, енді екіншісі еркекшора мінезін ұнатпаған екен. «Шошқадай» деп кемсіткендер де бар.
«Бірақ ол кезде шынымен толық болдым. Енді қыз баласына толық болған жараспайды ғой. Оны қабылдадым. (...). Өте мәдениетті әзілдеймін. 10 жыл сахнада жүргеннен кейін өзіне сай мәдениеті болады. Сахна мәдениетін соңғы 2-3 жылда білдім десем болады. Оның алдында сахнаға шығып, күлдірсек болды деп ойлайтынбыз. Керек емес әңгімелер айтқаныма сенімдімін. Күйеуім мені мәдениеттілікке қарай өзгертті», - деп күлді әзілкеш ару.
Сондай-ақ, үлкен ер азаматтар мен әйелдердің де жағымсыз пікірлер жазуға құмар екенін жасырмады. Арасында «Сақау ма өзі» деп келемеж қылатындары көп екен.
«Мысалы, Әрсен менен 6 жас кіші болса да... Мен бұрын ойланбай сөйлейтінмін. Қалай Әрсенмен жолықтым, екеуіміз үйленгелі кәдімгідей өмірім 180-360 градусқа өзгерді деп сенімді түрде айта аламын. Бауырларым «Сен тұрмысқа шыққалы өзгердің. Нәзік болып кеткенсің» деп айтады. Өзгеруге ешқашан кеш емес», - деді ол.
Осы орайда билік пен үкіметті жамандай бергенше, назарды жақсы дүниелерге бағыттауға кеңес берді. Себебі, бұдан ешнәрсе өзгермейді.
«Мен өте қызуқанды, ашуланып, тез басылатын адаммын. Кейде бір әйелдер шектен тыс жазып жібереді. «Сен сияқты жалмауыз жап-жас баланың өмірін құртты. Өліп қал» дейді. Мұндай да адамдар болған. Кіріп қарасам, бала-шағасы бар үлкен әйелдер. Ертең бала-шағасын ойламайтын адам болып тұр. Бірақ бәрібір жыламаймын. Көкбетпін, жыламауға тырысамын», - деп күлді Мереке Қалбаева.
Естеріңізге сала кетсек, жайдарманшы Мерекенің күйеуіне арнап ән жазғаны туралы хабарлаған едік.