Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

"Бәрі жабық режимде жүріп жатыр": Санкциядағы "Р-Фарм" қалайша Қазақстанның фарма нарығына кіріп кетті?

фармацияФото: pixabay.com

Қазақстандық Khan Tengri Biopharma биыл ғана құрылған, бірақ соған қарамастан, бірден мемлекеттік фарма нарығына кіріп алды. Оның артында Ресейдің "Р-Фарм" компаниясы мен Путин отбасына жақын деп саналатын бизнесмен Алексей Репик тұр. Қызығы, денсаулық сақтау министрлігі бұрынғыдай ашық конкурс өткізбеген. Сарапшылардың айтуынша, тәжірибесі аз, бірақ ықпалды серіктестері бар бұл компанияның таңдаулы жобаға айналуы – үлкен сұрақ тудырады. Осы ретте Stan.kz тілшісіне фармөндірушілер қауымдастығының басшысы Руслан Сұлтанов министрлік бұл жобаны тым құпия ұстап отырғанын айтты. 

“Басты мәселе – санкция салынған ресейлік “Р-Фарм” компаниясының осы жобаға қатысуы”

Алматы облысындағы Алатау қаласында Khan Tengri BioPharma жоба аясында ірі биофармацевтикалық зауыт салынбақ. 103 млрд теңге көлеміндегі бұл жоба 2030 жылға дейін кезең-кезеңімен жүзеге асады. Алғашқы кезеңде негізгі өндіріс, зертхана және әкімшілік орталық салынып, жүздеген жаңа жұмыс орны ашылады. Кейін медициналық техника құрастыратын цехтар, логистикалық орталық және клиникалық зерттеу орталығы іске қосылады. Мәліметтерге сенсек, жоба Қазақстанның дәрі-дәрмек өндірісін дамытып, импортқа тәуелділікті азайтуға мүмкіндік береді.

Дегенмен бұл жобаға қатысты сарапшылардың өз уәжі бар. Олардың айтуынша, Денсаулық сақтау министрлігі бұл жобаны іске асыру кезінде ашық конкурс өткізбестен, инвестициялық келісім арқылы бір ғана компанияға артықшылық берген. Сарапшылардың пікірінше, мұндай тәсіл нарықтағы бәсекені шектеп, ашықтыққа нұқсан келтіреді. Себебі Khan Tengri Biopharma компаниясы Қазақстан нарығына биыл ғана келген және тәжірибесі аз болса да, ірі мемлекеттік жобаларға бірден қатысып отыр.

Айта кетейік, Khan Tengri Biopharma компаниясы 2025 жылдың 6 наурызында ғана тіркелген, яғни инвестициялық штабтың күн тәртібіне түскенге дейін небәрі бірнеше ай өткен. Бірақ іс жүзінде компанияның өндірістік базасы да, бұрын жүзеге асырған нақты жобалары да туралы ешқандай дерек жоқ. Kompra мәліметінше, мемлекеттік кірістер комитеті бұл компанияның салықтық тәуекелін "орташа деңгейде" деп бағалаған. Компанияны басқарып отырған Асқар Каримуллин бұған дейін "Самұрық-Қазына" мен "БТА Банкте" жоғары лауазымдар атқарған. Алғашында компанияның жалғыз иесі болған ол, кейін құрылтайшылар қатарына TengriX Ltd атты ұйымды қосқан.

Десе де, TengriX Ltd-тің артында кім тұрғаны назар аударарлық. Бұл құрылымның құрамында үш компания бар: Khan Tengri Capital LLP, жеке Sima Ltd және Ресей фармацевтика нарығындағы алыптардың бірі "Р-Фарм" АҚ. Соңғысы ресейлік миллиардер Алексей Репикке тиесілі. Алайда бұл жобаға қатысты сұрақ көп.

Сарапшылардың айтуынша, денсаулық сақтау министрлігі инвесторларды ашық конкурссыз, тек өтінім берген тәртібімен инвестициялық келісім тетігіне енгізген. Бірақ басты мәселе – санкция салынған ресейлік “Р-Фарм” компаниясының осы жобадағы қатысуы. “Р-Фарм” иесі Алексей Репик Батыстың санкция тізімінде тұр, ал оның компаниясы Ресейде мемлекеттік тапсырыстардың негізгі орындаушыларының бірі саналады. Соған қарамастан, бұл құрылым Қазақстандағы мемлекеттік фарма нарығына кіріп, “Khan Tengri Biopharma” арқылы инвестициялық келісім мәртебесін алған.

Фото: bs-rspp.ru / Алексей Репик

Мәліметтерге сенсек, Алексей Репик Путиннің айналасындағы ықпалды бизнесмендердің бірі саналады. Ол негізін қалаған "Р-Фарм" компаниясы Ресей билігінің стратегиялық жобаларына қатысып келеді. 2023 жылы Репик Ұлыбританияның санкция тізіміне енді, ал көп ұзамай Канада мен Австралия да оған шектеу енгізді. Британия билігі мұны оның Ресейдің тікелей инвестициялар қорымен байланысы және Владимир Путинмен жеке қатынасына негіздеп түсіндірген. Кейбір деректерде ол Путиннің қызына M-FINE бизнес-ұшағын сыйға тартқан деген мәлімет бар.

Соған қарамастан, Алексей Репик АҚШ пен Еуропалық Одақтың санкциялар тізімінен әлі де тыс қалып отыр. Оның аты Ресей басып алған Мариуполь қаласында құрылыс жүргізіп жатқан "Р-Строй" компаниясының иесі ретінде де жиі аталады.

"Р-Фарм" соңғы жылдары Қазақстандағы мемлекеттік тендерлерге белсенді қатысып жүр. Мысалы, 2024 жылы бұл компания елде 17 млрд теңгеге адам папилломавирусына қарсы вакцинасының жалғыз жеткізушісі болған. Жобаның өзі 47 гектар жерге салынатын биофармацевтикалық кешенді қамтиды. Алайда ресейлік серіктестің қатысуы және инвесторларды қалай таңдағаны туралы ашық ақпараттың жоқтығы бұл бастамаға қатысты қоғамда түрлі пікір туғызып отыр.

“Қазір бәрі жабық режимде жүріп жатыр”

Осы ретте фармацевтика өндірушілер қауымдастығының өкілі Руслан Сұлтановтың айтуынша, министрлік қауымдастыққа бұл жоба туралы толық ақпарат бермеген.  Ол бұған дейін инвестициялық келісім басқа салаларда жұмыс істегенін, ал медицинаға енді ғана енгізіліп жатқанын атап өтті.

“Бұл – инвесторға зауыт салуға немесе бар өндірісті кеңейтуге мүмкіндік беретін заңды тетік. Бірақ медицинада бұған дейін мұндай болған жоқ. Енді министрлік осы тәсілді қолданып көрмек”, – дейді Руслан Сұлтанов.

Сұлтановтың айтуынша, бұрын дәрі-дәрмек шығаратын компаниялармен келісім тек конкурс арқылы жасалатын. Яғни, кімнің мүмкіндігі жоғары, жоспары нақты – соған басымдық берілетін. Ал инвестициялық келісімде бәрі жабық түрде шешіледі, яғни қандай компаниямен келісім жасалғаны, қандай өнімдер тізімге кіргені ашық айтылмайды.

“Бұрын министрлік қандай дәрілер қажет екенін ашық жариялайтын, қоғамдық ұйымдар да бақылауға қатысатын. Қазір ол тізімдер мен келісімдердің мазмұны белгісіз. Мәселе осында”, – дейді сарапшы.

Сондай-ақ ол санкция салынған адамдармен байланысы бар компаниялардың қатысуына қатысты да қауіп бар екенін айтады.

“Компанияның өзі санкция тізімінде болмаса да, оның құрылтайшыларының арасында санкцияға ілінген тұлғалар бар. Бірақ білуімше, кейін оның орнына басқа адамды қойған. Ал енді олар аффилиирленген бе, жоқ па оны біз айта алмаймыз, әрине, жағдай осындай. Мұндай жағдайда мемлекет шешім қабылдарда өте сақ болуы керек”, – дейді Сұлтанов.

Оның айтуынша, енді барлық жауапкершілік мемлекетке жүктеледі, өйткені келісімдер мен шешімдер министрліктің ішінде қабылданады. 

Фото: Руслан Сұлтановтың жеке архивінен

Бұл жүйе арқылы ірі фармацевтикалық компаниялар елде жаңа зауыттар салып немесе бар өндірісті кеңейтіп, мемлекет тарапынан салықтық және инвестициялық жеңілдіктер алуға мүмкіндік алмақ. Алайда қауымдастық төрағасы Руслан Сұлтановтың айтуынша, қазіргі таңда келісімдерді талқылау жабық форматта өтіп жатыр, ал қоғамға олардың нақты шарттары мен қатысушылар тізімі белгісіз.

"Қазір бәрі жабық режимде жүріп жатыр. Қандай компаниялар кірді, қандай препараттар тізімге енді, бұл ақпарат бізге берілмеді. Министрлік тек өзі қарастырып, өзі шешім қабылдайды. Инвестициялық келісімдер – бұрыннан бар құрал. Бірақ медицинада, фармацевтикада мұндай келісімдер болған жоқ. Енді осы арқылы инвесторлар зауыт салып, мемлекеттен белгілі бір преференциялар алады. Бірақ ашық конкурс өткізілмегені күмән тудырады", – деп түсіндірді ол.

Сарапшының айтуынша, ең басты мәселе мемлекет тарапынан таңдалған жобалардың қалай анықталғаны белгісіз болып отыр.

"Бұрын ұзақмерзімді келісімдерде конкурс жарияланып, қатысушылардың барлығы ашық түрде бақталасатын. Ал инвестициялық келісімде ондай жүйе жоқ. Кім бірінші келді, сол алды. Бірақ бұл әділ бе, заңға сай ма сұрақ көп", - дейді ол.

Оның айтуынша, қазір 9 компания өтінім беріп, олардың жобалары "Қазақинвест" пен Денсаулық сақтау министрлігінде талқыланып жатыр.

"Бұл жобалардың барлығы әлі сараптамада. Минималды инвестиция көлемі – 55-60 миллион доллар (31 463 400 000 теңге). Бұл аз қаражат емес. Сол себепті тек ірі және тұрақты компаниялар ғана қатысып отыр. Ең маңыздысы, Қазақстанда бұрын шығарылмаған жаңа препараттарды өндіру болмақ.  инвестициялық преференциялар тек елде шығарылмайтын дәрілерге берілуі керек. Егер бізде ондай өнім бар болса, оған қайтадан жеңілдік берудің қажеті жоқ", – дейді ол.

Сарапшы соңында басты мәселе ретінде жобалар мен келісімдердің жабықтығын атады.

"Біз коммерциялық құпияны сұрап отырған жоқпыз. Бірақ қоғам қандай препараттар өндірілетіні мен қандай шарттар қойылатынын білуге құқылы. Өйткені бұл мемлекеттік саясат пен халық денсаулығына тікелей әсер ететін сала", – деп түйіндеді Сұлтанов.

Сұлтановтың айтуынша, қазір инвестициялық келісім аясында ұсыныс білдірген кәсіпорындар Қазақстанның бірнеше өңірінде өз зауыттарын салуды жоспарлап отыр.

"Жобалар негізінен Алматыда, Алматы облысында, Шымкентте, Жамбыл облысында және Алатау қаласында жүзеге асырылмақ. Бұл – мен естіген бұрынғы жобалардың тізімі. Өтінім бергендердің жартысынан көбі бұрыннан жұмыс істеп тұрған зауыттар, ал қалғаны жаңа жобалар. Бұл толықтай жаңа корпустар салуды талап етеді, яғни өте ауқымды инвестиция", – дейді Сұлтанов.

Қазіргі кезде Қазақстанда дәрі-дәрмек сатып алу орталықтандырылған түрде ТОО "СК-Фармация" арқылы жүзеге асырылады. Негізгі төрт тәсіл бар:

  1. Веб-портал арқылы тендер өткізу;

  2. Бір көзден сатып алу (соның ішінде веб-портал арқылы);

  3. Отандық және шетелдік өндірушілерден немесе БҰҰ бөлімшелері арқылы;

  4. Ұзақмерзімді жеткізу келісімдері бойынша.

Қазіргі уақытта ұзақмерзімді келісімдер – фармацевтика саласын мемлекеттік қолдаудың басты құралы. Мұндай келісімдер екі жолмен жасалуы мүмкін:

  • Қазақстанда өндіріс орнатуға немесе жаңартуға дайын компаниялар арасында конкурс арқылы;

  • Конкурссыз (егер өнімнің аналогы жоқ, патенттелген дәрілер болса).

Сонымен қатар, отандық және ЕАЭО елдерінің өндірушілеріне преференция берілген: тендерге қатысқан жағдайда басқа жеткізушілердің өтінімдері қарастырылмайды.

Бұған байланысты еліміздің денсаулық министрлігіне сұранымхат жіберіп қойдық. Алайда әлі ведомство сұрақтарға жауап бермеді.

STAN.KZ
Сейсенбі, 11 Қараша, 2025 18:32
Талқылау