Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

"Бәрі өтірік": Тараздық шенеуніктер депутаттарға бітпеген жұмысты бітті деп есеп берген

Шағымын жеткізген тұрғындарФото: Видеодан скриншот

Таразда жуырда ғана қала тұрғыны мәртебесін алған елдімекен тұрғындары мердігер компанияны тексеруді талап етіп отыр. Оларға сәуірде су жүргізіп беруі керек болған, кейін бұл тамызға қалдырылған. Бірақ жергілікті тұрғындар жерден шығып жатқан құбыршектер мен осал ұңғымалар аздаған қысымның өзіне төтеп бере алмай қала ма деп уайымдайды. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі КТК арнасына сілтеме жасап хабарлайды.

Ресми түрде облыс орталығына қосылған Бектөбе және Қызылшарық ауылдарының тұрғындары өздерін қала тұрғыны ретінде сезіне алмай отыр. Өйткені бұл елдімекендерде әлі күнге дейін орталықтандырылған су құбыры жоқ. Тұрғындар 20 жылдан бері суды тасып ішеді. Көктемде үйлерде су пайда болуы керек еді. Жұмыс та аяқталуға жақын. Алайда жергілікті тұрғындар жерден шығып тұрған құбыршектерден су аға қояды дегенге сенбейді.

"Қалай болса солай салған. Құбыршектер шығып жатыр, жаңа қақпақтар әлден-ақ сынып жатыр. Қандай сапаны айтамыз, ол жерден су қалай ағады? Әлден бәрі бұзылып жатыр", – дейді Қарасай Кәрімов.

Қапырық ауа райында тұрғындар үйіне су келгенін бұрынғыдан да көбірек армандайды. Ал жергілікті билік елордалық депутаттарға жұмыс аяқталғаны туралы есеп бергенін естігенде тұрғындар қайран қалған.

"Мұның бәрі өтірік! Өзіңіз көріп отырсыз, Бектөбе болсын, Қызылшарық болсын ешбір ауылда бір адам су алып отырған жоқ", – дейді Зытула Райымбердиев.

Шенеуніктер жұмыс аяқталуға жақын екенін алға тартады. Бірақ олар кейбір жерлерде ақаулар тапқанын, сондықтан жобаны қабылдай алмайтынын мойындайды. Ақау жойылған бойда құбырлар арқылы су жіберуге уәде беріп отыр.

"Жұмыс 97% орындалды. Қазір Бектөбе, Қызылшарық ауылдарына су қабылдау жұмыстарын жүргізіп жатырмыз. Қалған қаржы осы айда толығымен бөлінеді", – дейді Жамбыл ауданы әкімдігінің тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық бөлімінің бастығы.

Шенеуніктердің айтуынша, жаздың соңына қарай тұрғындардың үйлеріне су жіберіледі. Мамандар мердігерде барлық ақауды түзету үшін тағы бес жыл кепілдік міндеттемесі бар деп сендіріп отыр.

Аида Тақабаева
Бейсенбі, 10 Шілде, 2025 10:11
Талқылау