Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Банктерге исламдық банк операцияларын жүзеге асыру құқығы беріледі

банк

Мәжілісте "Қазақстан Республикасындағы банктер және банк қызметі туралы" заң жобасын таныстырған Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің төрайымы Мәдина Әбілқасымова банктерге исламдық банк операцияларын жүзеге асыру құқығын беруді ұсынды. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.

Оның айтуынша, қаржыландырудың балама тетіктерін дамыту үшін әмбебап банктерге қолда бар лицензия шеңберінде исламдық банк операцияларын жүзеге асыру құқығын беру көзделеді.

"Бұл нормалар банктерге жеке банкті құрмай, өз құрылымында арнайы бөлімшелер құру арқылы   исламдық өнімдерді ұсынуға мүмкіндік береді.  Заң жобасында исламдық қызметті ұйымдастырушылық тұрғыдан оқшаулау, активтер мен міндеттемелерді бөлек есепке алу және басқару, жеке қызметкерлерді бөлу, сондай-ақ қаржы өнімдерін бекітетін және аудит жүргізетін шариғатқа сәйкестік жөніндегі кеңестің болуы көзделген", - деді Мәдина Әбілқасымова. 

Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің төрайымының айтуынша, банктер туралы жаңа заңның құрылымы айтарлықтай өзгертілді. Қолданыстағы нормаларға ревизия және оңтайландыру жүргізілді. Банктерде корпоративтік басқару, іс-қимылды қадағалау, төлемге қабілетсіз банктерді реттеу бойынша жаңа бөлімдер көзделді. Заң жобасы 9 бөлімнен, 23 тараудан және 135 баптан тұрады. Ілеспе заң жобасында 7 кодекске және 35 заңға түзетулер енгізіледі.

Заң жобаларында банк қызметін реттеудің негізгі мақсаты ретінде Қазақстан Республикасының банк жүйесінің қаржылық тұрақтылығын қамтамасыз ету айқындалған. 

Жаңа Заңда банк қызметін реттеудің мынадай міндеттері көзделген:

1) Банк жүйесінің жұмыс істеуі үшін құқықтық негіздерді белгілеу; 
2) Банк қызметіне қатысты реттеу, бақылау және қадағалау;
3) Депозиторлардың, өзге де кредиторлар мен клиенттердің құқықтары мен заңды мүдделерін қорғау; 
4) Банктік қызметтер нарығында адал бәсекелестікті қамтамасыз етуге ықпал ету; 
5) Қаржылық сауаттылық деңгейін және халық үшін банк қызметтерінің қолжетімділігін арттыруға ықпал ету.

Заң жобасы шеңберінде төмендегідей негізгі бағыттар көзделеді.

Біріншіден, базалық активі ақша болып табылатын цифрлық қаржы активтері, яғни стейблкоиндер. Стейблкоиндерді шығару, айналысқа жіберу және өтеу тәртібіне, шарттарына қойылатын талаптарды Ұлттық банк айқындайды. 

Екіншіден, базалық активі қаржы құралдары, қаржы активі, мүліктік құқықтар, тауарлар немесе өзге де мүлік болып табылатын цифрлық қаржы активтері. 

Үшіншіден, цифрлық платформада электрондық-цифрлық нысанда шығарылатын қаржы құралдары. 

Агенттікке стейблкоиндардан басқа, цифрлық қаржы активтерін шығару, айналысқа жіберу және өтеу тәртібіне, шарттарына қойылатын талаптарды белгілеу өкілеттіктері беріледі.

Цифрлық қаржы активтерін цифрлық платформалар операторлары шығаратын болады. Бұл операторлар – қаржы нарығының жаңа субъектілері, олардың қызметіне лицензияны Ұлттық банк беретін болады. 

Цифрлық қаржы активтеріне қолданыстағы қаржы құралдары үшін белгіленген ұқсас талаптар, оның ішінде тәуекелдерді басқаруға, ақпаратты жария етуге және инвесторлардың құқықтарын қорғауға қатысты талаптар қойылатын болады. Бұдан басқа, Заң шеңберінде цифрлық активтердің басқа түрін реттеу көзделген. Бұл қамтамасыз етілмеген цифрлық активтер, яғни криптовалюталар.

Криптовалюталарды айырбастайтын ұйымдарды құру көзделеді. Олардың қызметіне Ұлттық Банк лицензия береді және реттейді.  
Инвесторларды қорғау үшін Ұлттық Банк айналысқа рұқсат етілген криптовалюталардың тізбесін, сондай-ақ криптовалюта айырбастаушылардың операциялары бойынша лимиттер мен шектеулерді белгілейтін болады. 

Кірістерді жылыстатуға және терроризмді қаржыландыруға қарсы іс-қимыл мақсатында криптовалюта айырбастаушылар мен цифрлық активтер нарығының инфрақұрылымдық қатысушылары қаржылық мониторинг субъектілерінің тізбесіне енгізіледі. 

Сондай-ақ Заң жобасында банктердің экожүйелер шеңберінде инновациялық қаржы өнімдерін дамыту, банк қызметіне озық технологияларды енгізу және банктердің бәсекеге қабілеттілігін арттыру үшін қаржылық-технологиялық компаниялардың капиталына инвестициялау мүмкіндіктері кеңейтіледі. Банктерге цифрлық технологиялар, электрондық коммерция, киберқауіпсіздік, биометрия, жасанды интеллект және телекоммуникация салаларында еншілес компанияларды құру және сатып алу құқығы беріледі.

Банктердің еншілес ұйымдары шетелдік қаржы және лизингтік компанияларға инвестиция сала алады. Еншілес сақтандыру ұйымдарына шетелдік сақтандыру брокерлерін, медициналық мекемелерді құруға және халықаралық сақтандыру синдикаттарына қатысуға рұқсат етіледі.

Заң жобасында түзетулердің едәуір блогы ұлттық цифрлық қаржы инфрақұрылымын жаңғыртуға бағытталған. Оған ашық банкинг жүйесі, мобильді төлемдер мен төлем карточкалары жүйесі, ұлттық төлем жүйесі, сәйкестендіру деректерін алмасу орталығы және цифрлық теңге кіреді.

Цифрлық теңгенің ұлттық валютаның жаңа нысаны ретіндегі мәртебесі заңнамалық түрде бекітіледі. Цифрлық теңгенің айналысы және оны пайдалану тәртібін  Ұлттық банк айқындайды.

Айнұр Мұхади
Сәрсенбі, 05 Қараша, 2025 11:34
Талқылау