Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Банктегі депозиттер: Халық пен бизнестің таңдауы қандай

Фото: shutterstock.comФото: shutterstock.com

2026 жылдың басына қарай Қазақстан банктеріндегі депозиттер көлемі 48,7 трлн теңгеге жетті. Бұл былтырғымен салыстырғанда 6,2 трлн теңге (14,6%) көп. Оның ішінде 28,2 трлн теңге (58%) – жеке тұлғалардың салымдары, ал 20,5 трлн теңге (немесе 42%) – заңды тұлғалардың депозиттері. Бұл туралы Ranking.kz зерттеу жариялады.

Депозиттер өсімі бойынша абсолютті көшбасшы Қазақстандағы ең ірі банк Halyk Bank. Қаржы институтындағы депозиттер көлемі бір жылда бірден 1,3 трлн теңге артып, 13,9 трлн теңгеге жетті. Бұл – Қазақстандағы екінші деңгейлі банктердегі барлық депозиттердің шамамен 29%-ы. Оның ішінде Halyk Bank-тегі жеке тұлғалардың салымдары 7,8 трлн теңгеге жетіп, 741,4 млрд теңгеге өсті, ал бизнес депозиттері 6,1 трлн теңге болып, 576,5 млрд теңгеге артты.

Банк екі көрсеткіш бойынша да көш бастап, халық салымдарының 28%-ын және бизнес депозиттерінің 30%-ын иеленіп отыр. Halyk Bank-тегі депозиттер құрылымы жалпы алғанда теңгерімді: жеке тұлғаларға – 55,9%, заңды тұлғаларға – 44,1% тиесілі. Мұндай динамика халық пен бизнес банкке толық сенетінін көрсетеді.

Бұл салымшылардың сенімге, ашық шарттарға, түсінікті өнімдерге және ұзақ мерзімді қаржылай тұрақтылыққа деген сұранысы мен таңдауын білдіреді. Ал экономика үшін бұл – ішкі қаржыландырудың кеңеюі мен жинақ мәдениетінің нығаюы.

Фото: Ranking.kz

Қаржы институтының мұндай ауқымы Halyk Bank-тің халық пен кәсіпкерлердің жинақтарын сақтаушы әрі қаржылық тірегі ретіндегі рөлін айқындап отыр. Сонымен қатар оң көрсеткіштер жалпы Қазақстанның тұрақтылығы үшін де маңызды: тұрақты депозит базасы банкке нақты секторды белсенді несиелеуге, соның ішінде мемлекетпен серіктесе отырып және мемлекеттік қолдау бағдарламаларына қатысу арқылы мүмкіндік береді. Сонымен бірге салымшылар қаражатын өндіріс, қызмет көрсету және инновацияларды дамытуға бағыттайды. Halyk Bank халықаралық ірі агенттіктердің инвестициялық рейтингтері, екінші деңгейлі банктер арасында ең үздіктерінің бірі бола отырып, ел экономикасының тұрақты дамуының драйвері ретіндегі рөлін растап отыр.

Депозиттердің жылдық өсімі бойынша екінші орында – ЦентрКредит банкі: +1,2 трлн теңге, 6,5 трлн теңгеге дейін. Оның ішінде халық салымдары 3,3 трлн теңгеге жетіп, 534 млрд теңгеге өсті, ал бизнес депозиттері 3,2 трлн теңге болып, 645,7 млрд теңгеге артты. Бұл жерде де портфель құрылымы шамамен тең: салымдардың 51,7%-ы – жеке тұлғалар, 48,3%-ы – заңды тұлғалар.

Үшінші орынды Kaspi Bank иеленді: +1,1 трлн теңге, 7,9 трлн теңгеге дейін. Бұл банк негізінен бөлшек бағытқа маманданған: халық депозиттері портфельдің шамамен 89%-ын немесе 7,8 трлн теңгені құрайды. Ал бизнес депозиттеріне небәрі 887 млрд теңге немесе портфельдің сәл ғана 11%-дан астамы тиесілі.

Өсім бойынша топ-5 қатарына сонымен қатар ForteBank (+830,5 млрд теңге, 3,7 трлн теңгеге дейін) және тұрғын үй жинақ жүйесіне маманданған Отбасы банк (+531 млрд теңге, 3,2 трлн теңгеге дейін) кірді.

Айта кетері, салымдар көлемі бойынша алғашқы ондықтағы банктердің ішінде тек 8 екінші деңгейлі банк қана өсім көрсетті. Тағы екі қаржы институты – Еуразиялық банк пен Alatau City Bank-те көрсеткіш төмендеген: тиісінше 120,1 млрд және 125,3 млрд теңгеге.

Жалпы сектор бойынша алғанда, екінші деңгейлі банктердің 23-інің ішінде 15-і өсім көрсетсе, 6 қаржы институты төмендеді. Ал тағы 2 банк – нарықтағы жаңа ойыншылар, олар бойынша жылдық динамика әлі қалыптаспаған.

Қазақстандағы барлық екінші деңгейлі банк бойынша толық мәліметтер кестеде берілген.

Фото: Ranking.kz

Еңлік Сақтан
Сәрсенбі, 08 Сәуір, 2026 14:53