Банктер салық органдарына қазақстандықтардың шетелге ақша аударымдары туралы деректерді беруге міндетті болады
Фото: istockphoto.com
2026 жылдың 1 қаңтарынан бастап Қазақстанның банктері мен төлем ұйымдары азаматтардың шетелге жасаған барлық сатып алу және ақша аударымдары туралы деректерді Мемлекеттік кірістер комитетіне тоқсан сайын беруге міндетті болады. Тіпті егер есепті кезеңде ешқандай операция жүргізілмесе де, есеп тапсыру қажет. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Бұл жаңа ережелер салықтық әкімшілендіруді күшейту және бақылау тиімділігін арттыруға бағытталған.
Қаржы министрлігі бекіткен бұйрыққа сәйкес, банктер мен қаржы ұйымдары қазақстандықтардың интернет-платформалар арқылы шетелдік компанияларға жасаған барлық төлемдері туралы мәліметті мемлекеттік кірістер комитетіне беруге тиіс. Құжат 2024 жылдың 3 қарашасында күшіне енді.
Банктер мен ұйымдар есептерінде аударым сомасын, сатушының санатын (MCC), компанияның сәйкестендіргіш нөмірін (merchant ID) және атауын (merchant name) көрсетуі керек. Барлық деректер Smart Data Finance (SDF) жүйесіне түсіп, мемлекеттәік кірістер комитеті тарапынан талданады.
Премьер-министр Олжас Бектенов жаңа шаралар көлеңкелі экономикамен күреске бағытталғанын айтқан болатын.
"Ұқсас нормалар басқа елдерде де бар және олар салықтан жалтару фактілерін тиімді анықтауға мүмкіндік береді. Деректер МКК сұрауы бойынша соттың қатысуынсыз беріледі", - деді ол.
Бұған дейін Қаржы министрлігі азаматтардың шоттары мен ақша қозғалысы туралы ақпарат алмасу жобасын талқылаған болатын. Министрліктің түсіндіруінше, бұл жүйе жасырын табыстар мен салық төлемейтін тұлғаларды анықтауға көмектесіп қана қоймай, тексерулер санын қысқарту арқылы бизнеске түсетін жүктемені азайтады.
Айта кетейік, бұған дейін Қазақстанда мобильді аударымдардың ережелері өзгергені хабарланды.