Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Банктен 55 миллион теңге ұрлады деген күдікпен 7 жыл бойы іздеуде жүрген қазақстандық экстрадицияланды

Фото: Видеодан скрин

Банктен 55 миллион теңге жымқыруға байланысты жеті жыл бойы халықаралық іздеуде болған қазақстандық азамат Швециядан экстрадицияланды. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды. 

Бас прокуратураның мәліметінше, бұл операция қазақстандық құқық қорғау органдары мен Интерполдың Ұлттық орталық бюросының бірлескен жұмысы. Мұны жүзеге асыруға еліміздің Сыртқы істер министрлігі қолдау білдірген.

Тергеушілердің мәліметінше, 2018 жылы ер адам екінші деңгейлі банктің мобильді қосымшасының осал тұсын анықтап, оларды заңсыз баю үшін пайдаланған. Ол өзінің банк картасындағы нақты қалдықтан әлдеқайда асып түсетін сомаларға жалған аударымдар жасаған. Салдарынан қаржы ұйымына 55 миллион теңге көлемінде залал келтірілген.


Дмитрий Биволдың бұрынғы әйелі Қазақстанға экстрадицияланбақ


Қазақстан Ақжаркын Тұрлыбай ісіне қатысы бар басты күдіктіні экстрадицияламақ


Күдікті кейін шетелге қашып кеткен. Ол халықаралық іздеуде болғандар тізіміне енгізілген. Биыл ол Швеция Корольдігінде ұсталды. Содан кейін қазақстандық тараптың өтініші бойынша өз еліне экстрадицияланды.

“Күдікті қазір тергеу изоляторында. Оған тағылған айып бойынша мүлкі тәркіленіп, бес жылдан он жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы көзделген”, – делінген мәлімдемеде.

Бас прокуратура мәліметінше, Қазақстан мен Швеция арасында экстрадициялау туралы келісім жоқ. Десе де 2023 жылдан бері ол елден төрт адам экстрадицияланған. Олардың арасында жалған ақша жасау және алаяқтық ісі бойынша күдіктелгендер де бар. 

Айта кетейік, бұған дейін  Павлодарлық кәсіпкерді өлтірген күдікті Ресейден экстрадицияланғаны туралы жазған едік. 

Жұмаділлә Нұрила
Сенбі, 20 Желтоқсан, 2025 14:33