Қазақстанда тұтынушылық несиелер бойынша ең жоғары мөлшерлеме 40%-ға дейін төмендетілмек
Фото: inform-ua.info
Мәжілістің жалпы отырысында Ұлттық банк төрағасы Тимур Сүлейменов Ұлттық банк пен қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі халыққа берілетін тұтынушылық несиелердің ең жоғары пайыздық мөлшерлемесін 46%-дан 40%-ға дейін төмендетуді жоспарлап отырғанын мәлімдеді. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Тимур Сүлейменовтың мәліметінше, қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігімен бірлесе отырып, тұтынушылық несиелер бойынша жылдық тиімді сыйақы мөлшерлемесінің шекті деңгейі 56%-дан 46%-ға дейін төмендетілді.
"Қазір оны 40%-ға дейін азайту қажеттілігі қарастырылып жатыр", – деді Тимур Сүлейменов.
Сонымен бірге ол биыл қыркүйектен бастап ең төменгі резервтік талаптардың қайта қаралған нормативтері күшіне енгенін еске салды.
Сүлейменовтің айтуынша, жыл басынан бері валюталық операцияларды айна бейнелеу тетігі енгізіліп, бөлшек несиелеу нарығын "салқындатуға" бағытталған жаңа макро және микропруденциялық құралдар қабылданған. Атап айтқанда, 2026 жылдың 1 сәуірінен бастап банктер жеке тұлғалар портфелі бойынша тәуекелге өлшенген активтердің 2%-ы көлемінде қосымша капитал буферін қалыптастырады.
Негізгі макропруденциялық көрсеткіштердің бірі қарыз жүктемесі коэффициенті бойынша қарыз алушылардың табысын тексеру талаптары күшейтілді.
"2026 жылдың 1 қаңтарынан бастап банктердің табысына сараланған салық салу енгізіледі: бөлшек несиелеуден түскен табысқа – 25%, ал бизнеске берілген несиелерден түскен табысқа – 20% мөлшерінде корпоративтік табыс салығы салынады", – деді Ұлттық банк басшысы.
Халықтың шамадан тыс қарызға батуының алдын алу мақсатында қарыздың табысқа қатынасы коэффициенті атты жаңа макропруденциялық құрал енгізілмек.
"Үкіметпен және Агенттікпен бірлесіп, бөліп төлеу жүйесі мен BNPL-сервистерін (қазір сатып ал, кейін төле) реттеу тәсілдері әзірленіп жатыр", – деді Сүлейменов.
Бұдан бөлек, Қазақстанда 2025 жылдың 1 қарашасынан бастап ипотекалық тұрғын үй қарыздары бойынша жылдық тиімді сыйақы мөлшерлемесінің шекті деңгейін қазіргі 25%-дан 20%-ға дейін төмендету жоспарланып отыр. Банктер мен жекелеген банк операцияларын жүзеге асыратын ұйымдар беретін басқа да несиелер бойынша шекті мөлшерлемелер өзгеріссіз қалды:
• кепілсіз несиелер бойынша – 46%;
• кепілмен қамтамасыз етілген несиелер бойынша – 35%.
Микроқаржы ұйымдары беретін микронесиелер бойынша шекті мөлшерлеме де өзгермейді – 46%. 45 күнге дейінгі мерзімге және бір айлық есептік көрсеткіштің (АЕК) 45 еселенген мөлшерінен аспайтын сомаға берілетін микронесиелер бойынша да мөлшерлеме бұрынғыдай қалды. Күніне 0,3%-дан аспайды және жылына 179%-дан жоғары болмауға тиіс.
"Ақша тым көп": Ұлттық банк Қазақстандағы инфляцияның басты себебін атады
Ұлттық банк қазақстандықтардың несие алуын қиындатпақ: Жаңа ережелер
Еске салайық, бұған дейін Ұлттық банк төрағасының командасы 2024 жылы қымбатшылық пен шығындарға қарамастан 1,7 миллиард теңге сыйақы алғанын жазған едік. Бұл сомаға жалақы мен өзге де төлемдер кіреді. Ұлттық банк 1,7 миллиард теңгені қанша адам бөліскенін және сыйақының не себепті артқанын нақты көрсетпеген. 2024 жылдың қорытындысы бойынша, Ұлттық банктің шығыны 355 миллиард теңгеге жетіп, бұл 2023 жылмен салыстырғанда 30%-ға көп болған. Ал инфляция деңгейі 8,6% болған.
"Біреулер көрсін, гей болсын демейміз": Қазақстандықтар желіде ЛГБТ насихатына тыйым салу туралы заңды қызу талқылап жатыр