Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Бангладештегі наразылық: Шеруге шықққандар елден қашып кеткен премьер-министрдің резиденциясын басып алды

Бангладеш премьер-министрі шейх Хасина жүздеген адамның өліміне алып келген наразылық кезінде елден қашып кетті. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі ВВС-ге сілтеме жасап хабарлайды.

Фото: GETTY IMAGES

Халыққа үндеу жолдаған ел әскерінің қолбасшысы генерал Вакер-Уз-Заман премьер-министрдің отставкаға кеткенін растады. Мәліметтерге сенсек, Хасина  өзін қауіпсіз сезіну үшін көршілес Үндістанға тікұшақпен ұшып кеткен.  

Елден қашып кеткен экс-премьер-министр Шейх Хасина Ұлыбританиядан бас сауға сұрап отыр. 

“Шейх Хасина отставкаға кетіп, Ұлыбританиядан пана сұрап отыр”, – делінген БАҚ-да.

Вакер-Уз-Заман елде уақытша үкімет құрылатынын мәлімдеді. Ол президент Мұхаммед Шахабуддинмен кездесуге баратынын және күннің соңына дейін бір шешім табылатынына сенетінін жеткізді. 

“Оппозициялық саяси партиялармен сөйлестім. Үкіметті кім басқаратыны әзірге белгісіз. Бангладеш халқы үшін "әділдік" орнатуға уәде беремін”, – деді Вакер-Уз-Заман. 

Дүйсенбі күні наразылыққа шыққан мыңдаған адам премьер-министрдің резиденциясы Ганобхабанға басып кірді. Әлеуметтік желіде шерушілердің премьер-министрдің резиденциясын қиратып жатқан кадрлар тарады. Олар кейбірі орындықтар мен диванға ұқсайтын жиһаздарды резиденциядан шығарып тастап жатыр.

Жексенбі күні шейх Хасинаның отставкаға кетуін талап еткен шерушілер мен полиция арасындағы қақтығыстан кемінде 90 адам қаза тапқан еді. Қаза тапқандардың арасында 13 полиция қызметкері бар. Олар Даккадан солтүстікке қарай 100 шақырым жерде орналасқан Сираджгандж қаласындағы полиция бөлімшесіне жасалған шабуылда қаза тапты.

Еске салайық, Бангладештегі жастар арасындағы бүкіл халықтық ереуілге елдегі жұмыссыздық себеп болды. Олар 1971 жылы Бангладештің тәуелсіздік соғысына қатысқан ардагерлер отбасыларына арналған 30 пайыздық резервтік квотаны алып тастауды талап етіп жатыр. Бұған дейін наразылық кезінде 39 адам мерт болғаны туралы жазған едік.

Талқылау