Бангладеште колледж үстіне әскери ұшақ құлап, жиырма шақты адам қаза тапты (видео)
Фото: Getty Images / Drik / Abdul Goni
Бангладеште елдің әскери-әуе күштерінің F-7 BGI оқу-жаттығу ұшағы республика астанасы Даккадағы колледж бен мектеп аумағына құлап, жиырма шақты адам қаза тапты. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі Prothom Alo басылымына сілтеме жасап хабарлайды.
Жергілікті биліктің алдын-ала мәліметі бойынша, апат салдарынан 19 адам қаза тауып, 10 жастан 55 жас аралығындағы 150-ден астам зардап шеккен. Апат колледжде сабақ жүріп жатқан кезде болған.
Оқиға орнында құтқару жұмыстары жүріп жатыр. Зардап шеккендер Дакка медициналық колледжінің жанындағы Ұлттық күйік және пластикалық хирургия институтына жеткізілді.
Негізінен студенттер мен мұғалімдер зардап шеккен, олардың көбі ауруханаға ауыр халде түскен.
Ведомствоаралық қоғаммен байланыс қызметінің мәлімдемесінде оқу-жаттығу ұшағы 13:06-да ұшып шыққаннан кейін 12 минут өткен соң құлап кеткені айтылған. Апат себебі әлі белгісіз.
Алдын-ала мәлімет бойынша, ұшқыш оқиға орнында қаза болған. Бангладеш үкіметі сейсенбіге ұлттық аза тұту күнін жариялады. Уақытша үкімет басшысы Мохаммад Юнус қайғылы оқиғаны толық зерттеп, зардап шеккендерге көмек көрсетуге уәде берді.

Қазақстандық қыз АҚШ-қа оқуға барып, жүкті екенін білді: Ол қолындағы баласымен Йель университетін бітіріп, Стэнфордқа түскен
