Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

"Балабақшадағы ұлымызға асықтық": Бангкок тұрғындары жер сілкінісі қалай болғанын айтып берді

Бангкокқа көршілес Мьянмада болған күшті жер сілкінісінің салдарынан салынып жатқан биік ғимарат құлады. Куәгерлер әлеуметтік желілерде табиғи апаттың салдары туралы алаңдататын көріністер мен оқиғаларын жариялап жатыр. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.

Фото: Видеодан скрин

Әлеуметтік желіде Бангкок тұрғындары жер сілкінісінен алған әсерлерін бөлісті. Көпшілігі үйлерінің қатты шайқалғанын хабарлады. Кейбіреулер дивандардың 1-2 минут бойы тербелгенін, ал пәтерлердегі терезелердің сықырлағанын сипаттайды.

Dustytrash есімді ер адам мен әйелі екеуі Бангкокта жер сілкінісі басталған кезде 34-қабатта болған. 

“Бангкокта жер сілкінісі шамамен 13:30-да басталды. Біз 34-қабатта болған кезде ғимарат шайқала бастады. Алғашында басым айналып, жүрегім айнып тұрғандай сезіндім. Жұбайым "жер сілкінісі!" деп айқайлады. Паспорт пен әмиянымды тез алып, екеуіміз өрт сатысымен төмен қарай жүгірдік. Жолда жүгіруге ыңғайсыз болғандықтан аяқкиімімді тастауға тура келді. Төменге түскен соң бір скутер тоқтатып, 100 батқа қолма-қол төлеп, балабақшадағы ұлымызға (1 шақырым) асықтық. Біз аман-есенбіз, жер сілкінісінің күші 7,7 балл болғанын жазып жатыр”, – деді ер адам.

Куәгерлер үйлеріндегі төсектердің дірілдеп, ғимараттың барлық жерінде қатты тербеліс сезілгенін де атап өтті.

"Бізде жаңа ғана жер сілкінісі болды. Басында денем сәл тербелді, содан кейін бүкіл үй дірілдеп, төбеден сылақ түсе бастады. Қалай жүгіріп шыққанымызды да түсінбей қалдым. Баспалдақпен секіріп төменге түстік, көлік тұрағына жеттік. Сосын бір тай жігіттің мотоцикіліне мініп, ол бізді ғимараттан алыстатып алып кетті. Сол сәтте бәрі бейнебір видеойындағыдай көрінді. Қазір бәрі сыртта тұр, ал ғимараттың ішінде не болғаны әлі белгісіз", – деп жазды тұрғындардың бірі.



Еске салайық, Оңтүстік-Шығыс Азияда екі күшті жер сілкінісі болды. Соның салдарынан Бангкокта салынып жатқан көпқабатты ғимарат құлады. Жерасты дүмпулерінің эпицентрі Мьянмада тіркелді. Қазір адамдар эвакуацияланып жатыр. Әлеуметтік желіде кран орнатылған биік ғимараттың құлап, үлкен шаң бұлты көтерілгені, ал адамдардың айқайлап, жан-жаққа қаша бастағаны көрсетілген видеолар тарады.

Талқылау