Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

"Балтамен шапқандай": Степногорскідегі қорқынышты Аяз ата мен Ақшақар дау туғызды (видео)

Аяз ата мен ақшақарФото: halyqstan.kz

Жаңа жыл қарсаңында Ақмола облысында Степногорск қаласының көшелерінде дәстүрлі түрде Аяз ата мен Ақшақар мүсіндері орнатылды. Алайда мерекелік көңіл күй сыйлаудың орнына ертегі кейіпкерлері сырт келбетімен қала тұрғындарының түсінбеушілігін, тіпті үрейін тудырды. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.

Ерекше жаңа жылдық безендіру туралы әлеуметтік желілерде жергілікті тұрғындар жариялаған жазбалардан белгілі болды.

Пост авторларының айтуынша, Аяз ата мен Ақшақарды түн қараңғысында балтамен шапқандай әсер қалдырады. Ал басқа мүсіндер сол "шығармашылық үдерістің" кездейсоқ куәгерлеріне ұқсайды.

Сондай-ақ тұрғындар мерекелік безендіруге 10 миллион теңгеден астам қаражат жұмсалғанын айтып, бұл жайттың ерекше наразылық тудырғанын атап өтті.

"Ойласам, аулада жасап шығарған шығар деп ойладым", "Біздің кезімізде мектептің ауласында еңбек, сурет, дене шынықтыру сабақтарының ағайлары жасап беретін ғой. Дәл осындай болатын ғой олар да", "Қорқынышты фильм түсіру үшін жасалғандай", "Балаларды тек қорқытуға ғана", "Ойбай, қандай қорқынышты! Менің мысығым да бұдан жақсы жасар еді", "Неге бәрі… кері жасалады… Бізде талантты адамдар көп, неге кәсіби мамандарды шақырмайсыздар?" – деп пікір білдірді оқырмандар.

Тұрғындардың наразылығына қала әкімдігі жедел жауап беріп, кешірім сұрады. Степногорск қаласы әкімінің орынбасары Дархан Оспановтың айтуынша, биыл ескі игі дәстүрді қайта жаңғырту туралы шешім қабылданып, қала ұйымдарына жаңа жылдық алаңды безендіруге өз бастамасымен қатысуға мүмкіндік берілген.

"Аяз ата мен Ақшақардың, сондай-ақ басқа да шағын сәулет формаларының жаңа жылдық инсталляциясы біздің ұйымдардың бастамасы еді", – деп нақтылады Оспанов.

Одан әрі депутаттық корпус өкілі бұл безендіруге қала бюджетiнен бір тиын да бөлінбегенін мәлімдеді. Сонымен қатар сәулеттік формалар сынға төтеп бере алмағандықтан, оларды демонтаждау туралы шешім қабылданған екен.

"Қала тұрғындарының көңілдерінен шығатындай алаң барлық қажетті талаптарға сай болады. Мұндай жағдай үшін кешірім сұраймыз", –деді ол.



Еске салайық, бұған дейін Қазақстан өңірлері 2026 жылды қарсы алуға шамамен 1 млрд 776,8 миллион теңге жұмсайтынын жазған едік. Ең көп қаржы Алматы қаласына тиесілі – 793,3 миллион теңге, бұл елдегі ең ауқымды мерекелік жоба саналады. Астана биыл үнемдеу бағытын ұстанып, 365 миллион теңгемен шектелген. Шымкент – 100 миллион, ШҚО – 140 миллион, Маңғыстау – 80 миллион теңге бөлген. Ал бірқатар өңірлер бюджеттен мүлде қаржы бөлмей, бұрынғы декорациялар мен демеушілер есебінен безендіруді жоспарлап отыр.

Айым Атамбаева
Сәрсенбі, 24 Желтоқсан, 2025 10:52