«Балапан» арнасынан кеткен Ләйлә Сұлтанқызы енді балалар лагерін ашпақ
Жуырда ғана «Балапан» телеарнасының басшылығынан кеткен Ләйлә Сұлтанқызы енді балаларға арналған жазғы лагерь ашуды жоспарлап жүр.
Бұл туралы Stan.kz хабарлайды.
Танымал тележүргізуші жазғы уақытта баласын қайда жіберерін білмей жүргенін айтып, желідегі оқырмандарынан кеңес сұрады.
«Астанадағы жазғы лагерьдің 20-сын аралап шыққан шығармын. Қазақша дегендерің “өтірік” қазақша, болмаса көрші мемлекеттерден келген жап-жас оқытушы “апайлар”. Дипломың бар ма деп сұрауға ұяласың.
Спорттық лагерьге жаздым, жаман емес сияқты, бірақ қазақша сөйлейтін жаттықтырушы жоқ. Қазағың да орысша, орысың да орысша.
Ауылға жіберейін десең ауыл да бұрыңғыдай емес. Уайымдап отырғаның сол. Мəселе күтімде емес. Өзімнің тым уайымшылдығымда жəне біреуге салмақ салмайын деген ойым», – дейді Ләйлә Сұлтанқызы.
Ақырында баласына лайықты демалыс орнын таппаған Ләйлә Сұлтанқызы өзі лагерь ашқысы келетінін айтты. Тіпті, оның өз-өзін қаншалықты ақтайтынын білу үшін оқырмандарына сауал тастады.
«Мүмкін өзім лагерь ашсам, қаншалықты өзін ақтайды? Кім баласын маған сеніп қалдыра алар екен? Баламен жұмыс жасау жағынан тəжірибем мол дегенім ғой. Рақмет», – деп сұрады тележүргізуші.
Бұл ретте желіде тележүргізушінің бастамасын қолдағандар көп болды. Көпшілік Сұлтанқызынан көпбалалы әрі тұрмыстық жағдайы нашар отбасыларға жеңілдік қарастыруын өтінді.