"Баланың сабақ үлгерімі жақсарады, ақыл-ойы дамиды": Қазақстандық бапкер тоғызқұмалақтың пайдасы жайлы айтты
Бүгінде тоғызұмалақ – ЮНЕСКО-ның мәдени мұра тізіміне енген ойын түрі. Халқымыздың ежелгі ұлттық спорты болып табылатын бұл ойында ақыл-ойды дамытатын арифметика мен логиканың элементтері бар. Stan.kz тілшісі 4 мың жылдық тарихы бар төл ойынымыз туралы тоғызқұмалақтан Қазақстанға еңбегі сіңген жаттықтырушы, жоғары дәрежелі ұлттық төреші, Батыс Қазақстан облысының аға жаттықтырушысы Дәулет Абдикаримовпен сұхбаттасқан еді.
– Тоғызқұмалақ спортына қалай келдіңіз? Өзіңіз жұмыс істейтін тоғызқұмалақ мектебі жайлы айтып берсеңіз.
– 2004 жылы №2 балалар мен жасөспірімдер спорт мектебі Орал қаласында ашылды. Сол сәттен бастап мектепке тоғызқұмалақтан жаттықтырушы болып жұмысқа кірдім. 2007 жылдан бастап бізде айтарлықтай нәтижелер болды. Алғашқылардың бірі болып Айнұр Байзекенова, Ақшолпан Айғалиева, Дархан Ануарбеков, Ализа Ерниязова, т.б. спортшыларымыз халықаралық дәрежедегі спорт шеберлері атанған. Көптеген мықты спортшыларымыз бар. Қазіргі кезде облыстық жоғарғы спорт шеберлігі мектебінде де жаттықтырушы болып істеймін. Онда 18 жастан асқандар оқиды. Бірінші мектепте кәмелет жасқа толғандар кейін осы мектепке ауысады. Мектепте 2018 жылы тоғызқұмалақ бөлімі арнайы ашылды. Қазіргі таңда спортшылар өз дайындықтарын жүргізуде. Әлем чемпионатынан үш дүркін жүлдегерлер де бар. Алиса Ерниязова әлем чемпионатының қола жүлдегері болды.
– Мектепте тоғызқұмалақтан бөлек өзге де спорттық үйірмелер бар ма?
– Иә. Бізде тек тоғызқұмалақ қана емес, самбо, қол күрес, дзюдо және т.б. спорт түрлеріне қатысуға болады. Шамамен 10-15 спорттың түрі бар. Бізде спортқа ден қойылған. Балаларды жеті жастан бастап қабылдаймыз. Өзімнің жеке тоғызқұмалақ мектебімді де ашқанмын. Бұл мектепте 50-дей шәкірт оқиды. Қазіргі таңда бесеуі спорт шеберіне үміткер болуда. Қазақстанның көптеген жүлдегерлері біздің облысымыздан шығып жатыр. Облыс бойынша 2000-дай бала тоғызқұмалақтан жаттығуда. Батыс Қазақстаннан төртеуі халықаралық дәрежедегі спорт шебері. Ал республикалық дәрежедегі тоғыз спортшымыз бар.
– Тоғызқұмалақ ғасырлар бойы қалыптасқан халқымыздың ұлттық ойыны ғой. Балаларға беретін пайдасы туралы айтып кетесіз бе?
– Дұрыс айтасыз! Ата-бабамыздан келе жатқан 4 мың жылдық тарихы бар ұлттық ойын. Қазақтың ұлы ақыны - Абай Құнанбаев атамыз да ойнаған. Семейдегі музейінде тоғызқұмалақтың тақтасы сақлатыпты. Балалардың логикасы мен ойлау қабілетін дамытады. Математикасына да пайдасы тиеді. Жалпы адам баласын сабырлыққа тәрбиелейтін ойын. Баланың алдыға қарай ұмтылуына көмегі тиеді. Қытай ғалымдарының зерттеуіне сенсек, тоғызқұмалақ тастары баланың алақандағы кейбір нүктелерді де емдейді екен. Мектепте үштікке оқитын балалар тоғызқұмалаққа қатысқаннан соң оқу үлгерімі түзеледі екен. Біз оны көп байқай бермейміз. Ата-аналары мен сынып жетекшілерінің өздері солай айтып жатады. Осындай пайдалары өте көп. Жуырда бесінші рет республикалық әлем чемпионаты ұйымдастырылды. Азия чемпионаты да бесінші рет өткізілді. Көптеген елдерде дамып жатыр. Чехия, Түркия, Моңғолия, Қырғызстан, Өзбекстан, Германия және т.б. мемлекеттерде тоғызқұмалақтан арнайы үйірмелер ашылған. Ағылшын тілінде де кітаптар жарық көруде. Шетел азаматтарының да қызығушылығы артып жатыр. Әрине, Қазақстандағы бұл спорттың даму деңгейі өте жоғары. Өзім алтыншы сыныптан бастап ойнадым. Жеке қызығушылығым болды. 2001 жылы жоғары оқу орнына түсіп, студенттер арасында тоғызқұмалақтан мерекелік жарыстарға қатысып жүрдім. Сол кездері жүлделі орындардан көрінгенмін. Сөйтіп 2005 жылдан бастап осы жұмыстамыз. 2020 жылы "Қазақстанның еңбегі сіңірген жаттықтырушысы" деген атақ алдым. Батыс Қазақстан облысы бойынша бірінші болып осы атаққа жеттік.
– Балаларды ойынға қалай қызықтырасыздар?
– Әуелі тоғызқұмалақтың тарихынан бастаймыз. Сөйтіп бірте-бірте ойынға деген қызығушылықтарын арттыруға тырысамыз. Көптеген басқа қалаларға да жарысқа барамыз деп, әрбір сабақ сайын жігер береміз. Шетелге шығуға мүмкіндіктердің де болатындығын айтамыз. Бізде шахматқа қарағанда тоғызқұмалақ өте жақсы дамыған. Сіздер сияқты БАҚ-қа шығып, қоғамға да таныстырып жүрміз. Бізге облыстық спорт басқармасы әрқашан өз қолдауларын білдіріп жатады. Жылдық кестелері бойынша қаражат бөліп, жарыстардан қалдырмай жіберіп отыр. Бізге шахмат сағаты мен тоғызқұмалақ тақталарын да алып берген. 2016 жылы 150-дей тақта алып берді. Барынша көмектерін аяп жатқан жоқ. Барлық категориялардан чемпиондарымыз бар. Басқа облыстардан көптеген этнос өкілдерінің де қызығушылықтарын көріп жатырмыз. Кейбір облыстарда футбол мен шахматтың арнайы мектептері бар ғой. Сол сияқты бізге де тоғызқұмалақтың арнайы жеке мектеп болса екен дейміз. Үлкен жарыстарды тек қана мектептерде ғана өткіземіз. Жалақымыздан ешқандай проблемалар жоқ. Балаларға да стипендиялар беріліп жатыр.
– Сұхбаттасқаныңызға рахмет! Шәкірттеріңіз сенімдеріңізді ақтай берсін!
– Рахмет! Сау болыңыз!
Сұхбаттасқан: Қадірәлі САРЫПБЕК