Баланың анасын шығарып жіберген: Ақтөбеде мектеп-интернатта қаза болған оқушының өліміне қатысты сот отырысы жабық өтті
Ақтөбе облысының кәмелетке толмағандардың істері жөніндегі мамандандырылған ауданаралық соты 8-сынып оқушысы Бексұлтан Әбубәкіровтің өліміне қатысты қылмыстық істі қарады. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Фото: Видеодан скрин
Кәмелет жасқа толмаған Ж.-ға Есет батыр атындағы олимпиада резервінің облыстық мамандандырылған мектеп-интернат-колледжі тәрбиеленушісі Бексұлтан Әбубәкіровке әлімжеттік көрсетіп, денсаулығына қасақана зиян келтірді деген айып тағылды.
Сотталушы Ж.-ның адвокаты қорғалушысының мүддесін қорғау мақсатында сот отырысының жабық түрде өткізілуін сұрады. Сот процесіне қатысушылардың пікірін тыңдаған судья қылмыстық істі жабық форматта қарау туралы шешім қабылдады.
Еске салайық, қылмыстық іс жүргізу кодексінің 29-бабына сәйкес кәмелетке толмағандардың қылмыстық құқық бұзушылықтары туралы істер жабық талқылауға рұқсат етілген.
Бексұлтанның анасы соттың бұл шешіміне қарсы. Зоя Базарбаева Kazinform-ға берген пікірінде сот отырысына тек баланың әкесі ғана қатысып, өзін шығарып жібергенін айтты.
“Мен бұған қарсымын. Өйткені резонанс болды. Бүкіл ел біледі. Оның несін жасырып отыр? Мен соған қарсымын. Мұғалім, директорды жазалаған жоқ. Тек екі баланы сотқа әкелді. Қалған 5 бала қайда? Мектеп, басқарма қайда қарап отыр? Сонда мектепке сап-сау баланы жіберіп, денесін аламыз ба? Есет батыр мектебі менің өміріме, баламның тағдырына қасірет әкеліп тұр. Баламның жанында болған сыңары өзімен өзі оқшауланып қалды. Арада 132 күн өтті. Ол күнде сыңарын түсінде көреді. Өмірлік стресс алды”, – дейді Зоя Базарбаева.
Айта кетейік, 11 сәуірде олимпиадалық резервтегі мектеп-интернатында Бексұлтан есімді оқушының есінен танып, кейін көз жұмғаны туралы ақпарат тараған. Алайда жақындарының сөзінше, марқұм жоғары сынып оқушыларынан әлімжеттік көрген. Аталған дерекке қатысты полиция күдіктінің ұсталғанын мәлімдеді.
13 сәуірде Instagram-да көз жұмған баланың әпкесінің үндеуі пайда болды. Қыз Бексұлтанды орта мектеп оқушылары өлтірді деп жазды. Егіз Бексұлтан мен Ерсұлтан Есет батыр атындағы олимпиадалық резерв мектебінің 8-сыныбында оқып, сол жерде тұрған екен. Жақындарының сөзінше, марқұм құлап, есінен танды деген ақпарат жалған.